29.05.2007, 10:42 1488

Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында ұлттық экологиялық-этнографиялық парк құру көзделуде

АСТАНА. 29-мамыр. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кеше мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Отырыс барысында "Тілдерді қолдану мен дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның" орындалу барысы, тіл саясатының іске асырылуы туралы бірқатар орталық және атқарушы органдардың бірінші басшыларының есептері тыңдалды.

ҚР әділет министрі З. Балиеваның айтуынша, "бүгінде 12 мыңнан астам министрлік қызметкерлері арнайы мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өткен". Мемлекеттік бағдарлама ҚР төтенше жағдайлар министрлігінде де тиісінше орындалуда. Төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпуновтың есепті хабарламасына сәйкес, іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру келесі жылы жүзеге аспақ.

"Соңғы уақытта мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артып келеді. Сондықтан осы бағытта одан әрі жұмыс жүргізе беру қажет", деп атап өтті комиссия мүшесі, парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дъяченко. Өз кезегінде мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, парламент сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов "ҚР премьер-министрінің бастамасымен құрылған арнайы комиссияның жұмысы өз нәтижесін бере бастады. Қазақ тілін дамытуға деген үкімет басшысының жанашырлық көзқарасы үлкен қолдау болуда" деп атап көрсетті.

Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның мемлекеттік тілді дамыту мақсатында ұлттық экологиялық-этнографиялық парк құру жөніндегі ұсынысы үкімет басшысынан қолдау тапты.

Комиссия мүшелері сондай-ақ бүгін мемлекеттік тілді еркін меңгерген қазақ ұлтынан емес мемлекеттік қызметшілерді материалдық ынталандыру мәселесін, сондай-ақ кеңес қорытындысында білім және ғылым министрлігінің көршілес түркі елдерінің латын әліпбиіне көшу тәжірибелерін зерделеу жұмыстарының нәтижелерін талқылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны