Система Orphus

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2019 жылға қойған мақсаттары талқыланды

08.02.2019, 23:35 9127

Астана. 8 ақпан. Kazakhstan Today - Астанада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісі өтті. Алқа мәжілісінде өткен жылдың қорытындысы және қызметтің 2019 жылға қойған мақсаттары талқыланды.

Биылғы шараның ерекшелігі оны өткізу форматының өзгеруі болды. Жұмыстың негізгі бағыттары бойынша үйреншікті есептердің орнына панельдік пікірталастар ұйымдастырылды, оның спикерлері Агенттік төрағасының орынбасарлары Олжас Бектенов пен Айгүл Шайымова, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Қайрат Сұнтаев болды. Сонымен қатар, іс-шараның қарсаңында құрылымдық және аумақтық бөлімшелердің басшылары, қоғам өкілдері және блогерлер тақырыптық тренингтердің қатысушылары болды. Мысалға, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының спикерлері басшылардың жұмысында коучинг құралдарын қолдану және мемлекеттік органдардың ұтымды коммуникациялық стратегиясын қалыптастырудағы SMM-нің рөлі туралы әңгімеледі.

Агенттіктің азаматтық сектормен тығыз байланыста жұмыс істеуге деген ұмтылысына алқа мәжілісін "Atameken Business" телеарнасының өкілі Ерболат Мұхамеджанның ашуы да дәлел болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мемлекеттік басқару және аумақтарды дамыту мәселелері жөніндегі дирекция бөлімінің басшысы Эдвин Лау, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академиясының ректоры Мартин Кройтнер бейне хабарлама арқылы қатысушылармен байланысқа шықты. Мәжілістің бірінші бөлігінде Арнайы мониторингтік топтың мүшелері Рахым Ошақбаев және Рафаэль Гасанов, Шығыс Қазақстан облысы ауылдық округінің әкімі Индира Бельская, блогер Ержан Есімханов, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының өкілдігінен Виталий Времиш, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалары Офисінің басшысыДьердь Сабо, "Transparency Kazakhstan" қоғамдық ұйымының орындаушы директоры Ольга Шиян және т.б. сөз сөйлеулері тыңдалды. Мәжілістің екінші бөлігінде Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов және Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев сөз сөйледі.

Сонымен қатар, алқа жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі Марат Дәуешов, ҚР Парламенті Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко және депутаттық корпустың өзге де өкілдері қатысты.

Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев өз баяндамасында іске асырылуы 2018 жылы басталған серпінді жобаларға ерекше көңіл бөлді. Атап айтқанда, азаматтарға бюджет қаражатын пайдаланудағы бұзушылықтарды дербес анықтауға және хабарлауға мүмкіндік беретін "Қоғамдық бақылау картасы" жобасының Астанадағы интерактивті нысандағы трансформациясы туралы айтылды. Елордалық тәжірибе өзге өңірлерге де таратылатын болады. "Цифрлық агент" мобильдік қосымшасы қазақстандықтарға нақты уақыт режимінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалауға және уәкілетті органға осы саладағы бұзушылықтар туралы мониторинг жүргізу -"постфактумнан" мәселені жедел шешуге көшуге мүмкіндік береді.

Алик Шпекбаевтың айтуынша, арнайы мониторингтік топтардың жұмысы жаңа деңгейге шыққан. Егер бұрын олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру процессін қадағалаған болса, қазір олар көптеген өзекті мәселелерді шешуде мемлекеттік органдармен тиімді қарым-қатынас жасайтын нақты азаматтық қоғам институт ретінде көрсетеді.

Баяндамада жоба қатысушыларына олардың еңбекақысын екі есеге арттыруға мүмкіндік берген еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу мәселесіне үлкен назар аударылды. Бұл бастаманы кеңейтуге арналған жаңа резервтер мемлекеттік аппарат пен бағынысты ұйымдарды оңтайландыруда жатыр. Агенттік төрағасының айтуынша, бұл процессте ұсақтылық болмауы қажет. Себебі, артық алаңдар, әкімшілік шығындарды азайту, қосалқы қызметтерді орталықтандыру және ішкі бизнес-процесстерді жетілдіру мәселелерін шешу бойынша үнемделген қаржы ең тиімді жұмысшыларды материалдық ынталандыруға жіберіледі. Мысалға, осылайша тек Ұлттық бюро саласы бойынша 1 млрд. теңге үнемделеді, ал қызметкерлер еңбекақысы шығысеуропалық елдердің деңгейіне жеткізіледі.

Алик Шпекбаев әділет, қаржы, білім және ғылым министрлерін қоспағанда, жағдайды өзгертуге үлкен ынта көрсетпейтін орталық мемлекеттік органдардың басшыларының осы мәселе бойынша ұстанымын сынға алды.

Баяндаманың маңызды бөлігі мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар арасындағы сенімді қарым-қатынастарды орнатуға жағдай жасайтын ғана емес, сондай-ақ "ой-талқы үшін ашық алаңдарды" құруға мүмкіндік беретін заманауи байланыс арналарын пайдалану мәселелеріне арналды. Қызметшілердің жеткілікті түрде жоғары емес мәдениет деңгейі мен коммуникативтік дағдылары мемлекеттік органдардың беделіне кері әсерін тигізетін факторлардың бірі болып табылады. Осыған байланысты Мемлекеттік қызметшінің коммуникативтік құзыреттілік стандартын әзірлеу және енгізу ұсынылды.

Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы айта келіп, Қазақстанда екінші жыл қатарынан 2016 жылға қарағанда 2018 жылы 23% -ға төмен жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың саны тұрақты төмендегенін атап өтті.Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыс, соның ішінде әрбір тергеліп жатқан іс бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдарды енгізу нәтижесінде мүмкін болды. Енгізілетін ұсынымдардың форматы өзгертілді. Енді олар тікелей еңбек ұжымдарында қаралады.

Агенттіктің басшысының айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті дамытудың жаңа Жол картасы құқық қорғау органында меритократия қағидатын енгізуге, ішкі процестерді цифрландыру және жұмыс ұйымдастыру тәсілдерін өзгерту есебінен оның ашықтығы мен жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1290 тұлға сыбайлас жемқорлық жасауда әшкереленді, оның ішінде республикалық деңгейде - 25, облыстық деңгейде - 91, қалалық және аудандық деңгейлердегі - 142 басшылар.

4 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметінің жолы кесілді, жүйелік сыбайлас жемқорлықтың 87 фактісі анықталып, олар бойынша 288 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мемлекетке келтірілген 21 млрд. теңге залалдың 89% өндірілді.

Биылғы жылы елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған бірқатар шараларды әзірлеу жоспарланып отыр. Оның ішінде: заңсыз байытуға жауапкершілікті енгізу, адалдықты тексеру институтын енгізу, сыбайлас жемқорлық субъектілерінің тізбесін кеңейту және т.б.

"Біз болып жатқан өзгерістердің динамикасын төмендетпейміз", - деді шараға қатысушыларға Алик Шпекбаев.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны

Серіктестердің жаңалықтары