08.02.2007, 14:08 2987

Министрліктер мен мекемелердің жуырда тағайындалған басшылары Қазақстан халқына ант берді

АСТАНА. 8-ақпан. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар саяси мемлекеттік қызметкерлердің Қазақстан халқына ант беру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агентігі президенттің баспасөз қызметіне сәілтеме жасап.

Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Берік Имашев, президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дархан Кәлетаев, сыртқы істер министрі Марат Тәжин, білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов, төтенше жағдайлар министрі Виктор Храпунов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов оң қолдарын Конституцияға қойып, "Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында өз Отаным - Қазақстан Республикасын экономикалық және рухани дамыту ісіне барша күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық және ұлтаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен әлемдік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін, ант етемін", - деп саяси мемлекеттік қызметкердің антын қабылдады.

- Баршаларыңызды осы үлкен лауазымды қызметке тағайындалуларыңызбен шын жүректен құттықтап, зор табыс тілеймін. Ант - аса киелі, жауапты әрі қасиетті ұғым болып табылады. Сіздер салтанатты түрде Қазақстан халқына және Президенттің жүргізіп отырған саясатына адалдық антын беру арқылы өздеріңізге мемлекеттік билік өкілінің жауапты да абыройлы міндетін жүктедіңіздер. Сіздерді осы жауапкершілікке лайық деп санаймын. Еліміздің алдына қойған өте жоғары деңгейдегі міндеттері саяси қызметкерлерден үлкен жауапкершілікті, білімді талап етеді. Елімізге бір кездері қажет болған "мықты шаруашылық иелерінің" немесе дағдарыстан шығаратын менеджерлердің заманы өтті. Қазіргі уақытта Қазақстанға жаңа басқару технологиялары қажет. Бүгінгі күнді емес, ертеңгі күнді ойлап, жоспарлап, әсіресе қолға алынған бағдарламаларды іс жүзіне асыра алатын азаматтар керек. Сіздер соған сай боларсыздар деп білемін. Ел үшін істейтін еңбектеріңіз әр уақытта табысты болсын, - деді Елбасы ант қабылдаушыларға арнаған сөзінде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны