17.12.2011, 18:04 3137

Мұнайшылардың еңбек дауын бұзақылардың әрекетімен шатастыруға болмайды

Бүгін Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсізік Кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы барысында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласындағы жағдай талқыланды. Бас прокурор А.Дауылбаев, ҰҚК Төрағасы Н.Ибіқаев, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері сөз сөйлеп,мемемлекет басшысы отырысты қорытындылады.

Астана. 17-желтоқсан. Kazakhstan Today - Мұнайшылардың еңбек дауын бұзақылардың әрекетімен шатастыруға болмайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсізік Кеңесінің отырысы өтті.

Отырыс барысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы барысында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласындағы жағдай талқыланды. Бас прокурор А.Дауылбаев, ҰҚК Төрағасы Н.Ибіқаев, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері сөз сөйледі. Отырысты Мемлекет басшысы қорытындылады.

"Қымбатты қазақстандықтар!

Кеше Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мерекелік шара кезінде бір топтың қылмыстық әрекеті салдарынан жаппай тәртіпсіздік орын алды.Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу үшін орталық алаңға келген бейбіт азаматтар бұзақылардан құралған топтың шабуылына ұшырады. Қоғамдық тәртіпті бұзған бұзақылар полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, мерекеге байланысты қойылған киіз үйді қиратып, полицияның автобусын өртеді.

Олар бейбіт тұрғындарды ұрып-соғып, алаңға таяу тұрған автокөліктерге зақым келтіріп, оны жағып жіберді. Басбұзар топ заңсыз әрекетті тоқтатуға шақырған құқық қорғау органдарының ескертулерін тыңдамай, қаруларын тартып алу мақсатында тәртіп сақшыларына шабуыл жасады. Жаппай тәртіп бұзушылық кезінде қалалық және ауылдық әкімдік ғимараттары, қонақ үйлер, "Өзенмұнайгаз" компаниясының әкімшілік ғимараты өртенді. Жеке және заңды тұлғалардың мүліктері қирады, автокөліктер өртенді, банкоматтар, дүкендер, банктер және т.б. тоналды. Барлығы 46 нысан шабуылға ұшырады. Шағын қалада шамамен барлық нысан тоналды, өртенді немесе қиратылды.

Өкінішке қарай, осы тәртіпсіздік салдарынан адамдар, біздің отандастарымыз қайтыс болды. Алдын-ала мәліметтер бойынша, 10 адам опат болды, ауыр жараланғандар бар, олардың арасында полиция қызметкерлері де бар.

Полиция қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін қалтқысыз орындады және заң бойынша өз өкілеттіктері аясында әрекет жасады.

Қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің әрқайсысының отбасы, жақын туыстары бар. Мен олардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.

Қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына тиісті қолдау, көмек көрсетілетін болады. Жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Менің тапсырмам бойынша Ішкі істер министрі бастаған жедел тергеу тобы құрылды. Ол комиссия жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды табу және жазаға тарту, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру жөніндегі барлық қажетті шараны қабылдайды. Қазіргі уақытта жағдай құқық қорғау органдарының бақылуында.

Кінәлі адамдар заң бойынша жазаға тартылатын болады.

Осы орайда, мұнайшылардың еңбек дауын өздерінің қылмыстық ниеттері үшін жағдайды пайдаланып қалғысы келген бұзақылардың әрекетімен шатастыруға болмайды. Біз бұл іспен кімнің айналысқанын, қайдан қаржыландырылғанын ашатын боламыз.

Осы жылдары Жаңаөзен халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін көптеген шаралар атқарылды. Жалақы көлемі жоғарылады. Ир елде шашырап жүрген отандастарымызды Жаңаөзенге шақырдық. Оларға барлық жағдайды жасадық. Осы үшін олар мемлекетке риза болуы тиіс.

Жаңаөзендегі еңбек дауын шешіп, орын алған және қабылданатын шараларды тұрғындарға түсіндіру үшін Үкіметтің, "Қазмұнайгаздың" арнайы комиссиясы барады.

Бас прокуратураға өзге құқық қорғау органдарымен бірлесіп орын алған жағдайды жіті тексеруді, ақпараттың барынша ашықтығын қамтамасыз етуді, нәтижесі туралы халыққа хабарлауды, қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшыларды тартуды тапсырамын.

Ескеретін жайт, осындай оқиғалар, жаппай тәртіпсіздіктер бүгінде дүние жүзінің дамыған елдерінде де болып тұрады. Сондықтан оған жаһандану жағдайындағы әлемдік қаржы дағдарысының бір салдары деп қараған жөн. Біз осы жылдардың ішінде еліміздегі тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді нығайттық.

Біз осы берекелі бірлігіміз арқылы биік белестерді бағындырдық. Біз Қазақстанда қалыптасқан тұрақтылық пен тыныштықты бұзуға, тәуелсіздігіміздің жетістіктерін мансұқтауға ешқашан жол бермейміз.

Сондықтан жұртшылық алаңдарлықтай ешқандай себеп жоқ. Жағдай толығымен бақылауда.

Заңның аты - заң. Заңның талаптары барлығымыз үшін бірдей. Заң қаланың қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету үшін қолданылатын болады.

Мемлекет біздің азаматтарымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзушылықтың кез келген түріне қатаң тосқауыл қояды. Барша қазақстандықтарды біздің еліміз үшін жат әрекетті айыптау, тыныштық сақтауға шақырамын. Жаңаөзендіктерді сабырға және байсалдылыққа шақырамын. Біз бұл мәселелердің барлығын анықтайтын боламыз.

Жаңаөзен қаласының экономикасын қалпына келтіру, өртенген нысандарды қалпына келтіру үшін, және ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мен Конституцияға және төтенше жағдай туралы Заңға сәйкес Жаңаөзен қаласында төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлық шығарамын. Жарлық бүгіннен бастап 20 күн күшінде болады. Егер біз оған дейін барлық мәселені анықтасақ, тыныштық орнаса, ол кез келген уақытта күшін жояды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны