11.06.2014, 20:06 3235

Н. Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында бірқатар кездесулер өткізді

Н. Назарбаев Герман Грефпен, "Эни" компаниясының атқарушы директорымен, "Дженерал Электрик Ойл энд Газ" компаниясының президенті және бас атқарушы директорымен кездесіп, Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында өткен көрмеге қатысты.

Алматы. 11 маусым. Kazakhstan today. Мемлекет басшысы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аясында "Ресей Сбербанкі" ААҚ Президенті және басқарма төрағасы Герман Грефті қабылдады, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында банктің Қазақстандағы қызметі, оның еліміздің қаржы-экономикалық секторын дамытуға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асыруға қатысу мәселелері талқыланды

Нұрсұлтан Назарбаев пен Герман Греф республиканың банк саласының дамуындағы оң қарқынға тоқтала отырып, оның өсіп келе жатқан әлеуетін атап өтті.

"Ресей Сбербанкі" ААҚ - Ресей Федерациясы мен ТМД елдерінің аумағындағы ірі банк. Оның қызметін 100 миллионнан астам жеке тұлға және 1 миллионға жуық кәсіпорын пайдаланады. 15 филиалы бар "Ресей Сбербанкі" АҚ еншілес банкі Қазақстанда 2006 жылдан бері жұмыс істейді.

Елбасы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында "Эни" компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен кездесті, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде компанияның Қарашығанақ және Солтүстік Каспий жобаларын жүзеге асыруға қатысуы жөніндегі негізгі жайттар, сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-мен өзара іс-қимылы туралы әңгіме қозғалды.

Нұрсұлтан Назарбаев К.Дескальциді жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтады және қызметіне табыс тіледі.

"Біздің кездесуіміз Италия Премьер-Министрі Маттео Ренцидің жұмыс сапары қарсаңында өтіп отыр. Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас ылғи да жоғары деңгейде болды. "Эни" компаниясы Қазақстанда 20 жыл бойы жұмыс істеп келеді, біздің ынтымақтастығымыздың ең басты тармағы Солтүстік Каспий жобасы болып саналады. Туындаған қиындықтарға қарамастан, біз қойылған міндетті әрі қарай шеше алатынымызға сенімдімін", - деді Қазақстан Президенті

Иңгіме барысында Мемлекет басшысы Қашаған мұнай-газ кенішін игеруге байланысты жобаны жүзеге асыру барысына қатысты алаңдаушылығын білдірді.

Сонымен қатар елдегі мұнай-газ саласын одан әрі дамыту және энергия ресурстарын тасымалдау желісін кеңейтуге жағдай жасау мәселелері талқыланды.

"Эни" - мұнай мен газды барлау, өндіру, тасымалдау, өңдеу және жеткізу бағыттары бойынша жұмыс істейтін интеграцияланған энергетикалық компания. Өз жұмысын компания 79 елде жүргізеді, оған жалпы саны 80 мыңға жуық қызметкер жұмылдырылып отыр. Қазақстанда "Эни" компаниясы 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Мемлекет басшысы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында "Дженерал Электрик Ойл энд Газ" компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Лорензо Симонеллимен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу барысында мұнай-газ инфрақұрылымы, энергетика, көлік, денсаулық сақтау және өзге де салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев компанияның Қазақстандағы белсенді инвестициялық қызметін және оны әрі қарай кеңейтуге әзірлігін атап өтті, сондай-ақ локомотив құрастыру жөніндегі бірлескен кәсіпорынның өнімдерін сыртқы нарықтарға шығарудың маңыздылығына тоқталды.

Тараптар компания бөлімшелерінің мемлекеттік органдармен және елдегі ұлттық компаниялармен табысты өзара ықпалдастығына тоқталып, бірқатар инфрақұрылымдық және көліктік жобаларды қарастырды.

"Дженерал Электрик" - Қазақстан Республикасындағы шетелдік ірі компанияның бірі. Оның клиенттері мен серіктестері қатарына өңірде 200-ден астам компания және ұйымдар кіреді. "Дженерал Электриктің" Алматыдағы өкілдігі 1994 жылы ашылды.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында "Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық бағдарламасындағы шетелдік инвестициялар" атты көрмеде болды, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Көрмені аралау кезінде Мемлекет басшысы "Абу-Даби Плаза", "Астана ЭКСПО-2017", "Көк жайлау" тау курорты" және Алматы медициналық орталығы тәрізді жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Сонымен қатар Қазақстан Президентіне Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту және қала сыртындағы Borovoe country club коттедж кентінің, гольф-клубтың, сондай-ақ Назарбаев Университетінің ғылыми-зертханалық кешенінің жобалары көрсетілді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны