06.11.2019, 17:09 5905

Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімінің тарихи маңызына тоқталды

- Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан - түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін, - деді Елбасы.

Нұр-Сұлтан. 6 қараша. Kazakhstan Today - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Сапар барысында Елбасы қаланың рухани-мәдени орталығында өткен концертке қатысып, Түркістан облысының тұрғындарымен жүздесті.

Сөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімінің тарихи маңызына тоқталды.

- Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан - түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін, - деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүкіл қала бойынша жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтті.

- Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірлері қатысып жатыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы облыс орталығының құрылысы мен жандануына ат салысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді.

- Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар, қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді, - деп түйіндеді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Концерт соңында Нұрсұлтан Назарбаев қолөнершілердің көрмесін аралап көрді. Онда әлемнің 20 елінен келген шеберлердің жұмыстары ұсынылған.

Elbasy.kz

ЕЛБАСЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИ-АҒАРТУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысына сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Тұңғыш Президент Саябағындағы ойын-сауық паркінің құрылыс жобалары таныстырылды.

Сондай-ақ, Елбасы желілік саябақ жасау жоспарын көріп, қалалық Арбатты қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президентіне "Күлтөбе қалашығы" археологиялық саябағын құру жобасы туралы ақпарат берілді.

Elbasy.kz

ЕЛБАСЫ ТҮРКІСТАНҒА САПАРЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ОТАНДЫҚ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҮШІН БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

Елбасы журналистер алдында сөйлеген сөзінде Түркістан аумағында қарқын алған құрылыс жұмыстарының ауқымын атап өтті.

- Өткен жылы облыс орталығын көшіру туралы жарлыққа қол қойған соң ауқымды құрылысты бастадық. Бүгін мен орасан зор ғимараттарды аралап көрдім. Көптеген жаңа нысандар бой көтеріп, жастар үшін жұмыс орындары ашылып жатыр. Ауруханалар, мектептер, қонақ үйлер, халықаралық әуежай салынады. Су ресурстарымен қамту саласындағы мәселелерді шешу жоспарланған, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті әкімдіктің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарлары туралы айтты.

- Бір жыл ішінде көптеген жұмыс істелді. Келесі жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан басшыларын саммитке шақыруды жоспарлап отырмыз. Егер олар қатысуды растаса, біз оны Түркістанда өткізуіміз мүмкін. Бүкіл Қазақстан жұртшылығы Түркістанның дамуын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала - бұл Қазақстанның байлығы. Елорданы салған кезде қаржыландыруға байланысты сұрақтар болған еді. Енді Нұр-Сұлтан қаласы барлық шығындарды өтеп, жыл сайын бюджетке триллиондаған кіріс әкеліп отыр, - деді Елбасы.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан мен бүкіл өңірдің туристік әлеуетін дамытудың маңыздылығын атап өтті.

- Біз мұнда көптеп туристерді тартуымыз керек. Бүкіл түркі әлемі Түркістанды орталық деп санайды. Туризм - экономиканың маңызды бөлігі. Мұнда көптеген мұражайлар бар. Қазір "Күлтөбе қалашығы" археологиялық паркін құру жұмыстары жүргізілуде, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Elbasy.kz

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІК-ІСКЕРЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Елбасы Түркістан облысы әкімдігінің жаңа ғимаратында болып, Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығын қайта құру жұмыстары бойынша аралық нәтижелерімен танысты.

Сонымен қатар, сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауының жұмысы туралы ақпарат берілді.

Сондай-ақ, Елбасыға туризм индустриясын дамыту, су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жобалар таныстырылды. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне болашақ "Түркістан" халықаралық әуежайының және 600 орындық көпбейінді аурухананың үлгілері көрсетілді.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс орталығында инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нәтижелері туралы мәлімет ұсынылды.

Elbasy.kz

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ "АЛАТАУ МЕДИА-ОРТАЛЫҒЫ" ҒИМАРАТЫНДА БОЛДЫ

Елбасы өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған жұмыс бөлмелерін аралап көрді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қаладағы жаңа нысандардың құрылыс қарқыны жоғары екенін атап өтті.

- Шымкент миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Осыған орай біз жеке Түркістан облысын құрдық. Бұл көптен бері ойымда жүрген еді. Осылайша біз үлкен құрылыс бастадық. Мұның бәрі астанамыздың құрылысын еске түсіреді. Енді еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді. Осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік БАҚ өкілдеріне.

Elbasy.kz

ЕЛБАСЫ ЖАҢА МУЗЫКА МЕКТЕБІНЕ БАРДЫ

Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірде өнер мен мәдениет саласын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді. Балалар шығармашылық ұжымдары Қазақстанның Тұңғыш Президентіне бірнеше музыкалық қойылым көрсетті.

Elbasy.kz

ЕЛБАСЫ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

Қазақстанның Тұңғыш Президенті халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің автоматтандырылған процесімен танысты.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа "бір терезе" қағидасы бойынша қызмет көрсету үшін ыңғайлы және сапалы жағдай жасау бойынша қабылданған шаралар жөнінде ақпарат берілді.

Elbasy.kz

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН НЕКЕ САРАЙЫНА БАРДЫ

Елбасы жаңа Неке сарайының жұмысымен танысып, шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлармен әңгімелесті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті жас отау иелерін құттықтап, бақыт пен береке тіледі.

elbasy.kz

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны