03.02.2020, 18:38 3933

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті

Михаил Мишустин Елбасыға кездесу үшін алғыс білдіріп, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің жылы лебіздерін жеткізді.

Алматы. 3 ақпан. Kazakhstan Today - Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Михаил Мишустинді жауапты және маңызды лауазымға тағайындалуымен құттықтады.

- Сіз бұл қызметке өте қиын кезеңде келіп отырсыз. Қазір жағдай оңай емес. Жаңа лауазымда сіздің мол тәжірибеңіз пайдалы болады деп сенемін. Кеше Алматыда цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін талқыладыңыздар, - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Ресей Федерациясымен тату көршілік қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.

- Мен жұмыс істеген жылдардың бәрінде Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға тырыстым. Бүгінгі таңда біздің байланыстарымыз үлгі етуге тұрарлық деп есептеймін. Алдағы уақытта да осылай болғанын қалаймын, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде Михаил Мишустин Елбасыға кездесу үшін алғыс білдіріп, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің жылы лебіздерін жеткізді.

- Мен алғашқы шетелдік сапарымды Қазақстаннан бастадым. Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен Ресей Федерациясы Президентінің ең ізгі тілектерін жеткізгім келеді, - деді Ресей Федерациясының Премьер-Министрі.

Кездесу барысында тараптар Еуразия экономикалық одағы аясындағы ынтымақтастықты дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту жобаларын іске асыру және құрлық елдері арасындағы сауда қатынастарын одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны