15.06.2007, 15:21 2975

Назарбаев өзіне шектеусіз мәрте президенттік сайлауға ат ұсынуға мүмкіндік беретін конституциялық түзетуге қарсы болған

ӨСКЕМЕН. 15-маусым. Kazakhstan Today. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзіне шектеусіз мәрте президенттік сайлауға ат ұсынуға мүмкіндік беретін конституциялық түзетуге қарсы болған, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Мен парламентке мұндай ұсыныс енгізген жоқпын, мен оған қарсы болдым",- деді бүгін Н.Назарбаев Өскеменде өткен баспасөз мәслихатында журналистер сауалына берген жауабында. "Мен керісінше президенттік мерзімін жетіден бес жылға дейін қысқартып, оның екі реттен артық болмауы жөнінде ұсыныс жасадым",- деді ол.

Президенттің түсіндіруінше, бұл түзетуге вето қою жөніндегі өз құқығын ол ондай түзету үшін депутаттардың басым бөлігі дауыс беруге байланысты пайдаланбаған. "Мен өзімнің вето қою құқығымды пайдалануға ниетім болды, бірақ депутаттардың 90 проценті оған дауыс бергендіктен, бұл пайдасыз шаруа еді, ал ветоны дауыстың үштен екі бөлігімен еңсеруге болады",- деді Н.Назарбаев.

Сонымен бірге қазіргі президенттің келесі сайлауда ат ұсынатын-ұсынбайтындығы белгісіз. "Бұл тек маған қатысты мәселе деп ойлаймын. Біріншіден, бәрі де менің денсаулығыма, екіншіден, осыншама уақыт жұмыс істеуге деген ықыласыма байланысты болмақ",- деді ол. "Бұл менің құқығым болғанымен, оны іске асыру міндетті емес",- деді Н.Назарбаев.

Сонымен бірге президент мемлекет басшысының лауазымы - сайланбалы қызмет екенін еске салды. "Сайлау өткен жолғыдай баламалы. Бұл орын үшін 5-10 адам бақ сынасатын болады. Халық таңдаса -сайлайды",- деді Н.Назарбаев. "Сол себепті мен қабылданған шешімді талқылағым келмейді. Конституцияға енгізілген өзгерістер қабылданды, парламент дауыс беріп, заңға қол қойылды",- деді мемлекет басшысы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны