31.01.2008, 10:09 3003

Неміс журналисін соққыға жығып, тонады деген күдікпен ұсталғандар осы тектес басқа да қылмыстарға қатысты болу-болмауы тексеріледі - Астана ішкі істер департаменті

Неміс журналисін соққыға жығып, тонады деген күдікпен ұсталғандар осы тектес басқа да қылмыстарға қатысты болу-болмауы тексеріледі - Астана ішкі істер департаменті

Астана. 31-қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Неміс журналисі Маркус Бенсманды соққыға жығып, тонады деген күдікпен ұсталған Астанаға ақша табу мақсатында келген Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданының үш тұрғынының осы тектес басқа да қылмыстарға қатыстарының бар-жоқтығы тексеріледі. Бұл туралы 30-қаңтар күні баспасөз мәслихатында Астана қаласының Ішкі істер департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Қазіргі уақытта күдіктілердің осы тектес басқа да қылмыстарға қатыстарының бар-жоқтығы тексеріледі",- деді Ж. Битенов.

Оның айтуынша, қаңтар айында Елордада 23 тонау тіркелген, оның алтауы көлік жүргізушілеріне қатысты жасалған. "Осы 23 қылмыстың 18-і ашылған, қалған 5-уі ашылған жоқ",- деп нақтылады Ішкі істер департаментінің өкілі.

Бұрын хабарлағанымыздай, 20-қаңтар күні түнде жәбірленуші Германия азаматы Маркус Бенсман Сарыарқа көшесінің бойымен жүріп келе жатқан күдіктілердің бірінің көлігін тоқтатып, өзін "Абай" қонақ үйіне дейін жеткізіп салуды сұраған. Тергеу болжамына сүйенсек, қазір кіналарын мойындап үлгерген үш күдікті клиенттің шетелдік және қатты мас екенін көріп оны тонамақ болып шешкен. "Осы мақсатта олар жәбірленушіні Софиев шоссесінің бойындағы айып тұрағының маңына апарып, оны соққығы жыққан, осыдан кейін оның киімі мен ақшасын тартып алып, жәбірленушіні ес-түссіз күйінде оқиға орынына қалдырып, бой тасалаған", - деп көрсетілген ІІД баспасөз баянында.

"Қазіргі уақытта күдіктілер Астана қалалық ІІД уақытша тергеу изоляторына қамалған. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 78 бабы 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған, тергеу амалдары жүргізілуде", - деп толықтырылған құжатта.

Сонымен бірге, Ж. Битенов бұл қылмыстың Астана қаласында орналасқан жолдарды бақылау бейнекамералары жүйесінің көмегімен ашылғанын хабарлады.

"Қаламызда бейнекамералар, жылдамдық тіркегіштер жұмыс істеп тұр. Қылмыс көлікте жасалғандықтан қалада түнгі сағат екіден кейін жүрген барлық көліктер сараптамадан өткізіліп, іріктеліп алынды", - деп атап көрсетті ол. Сонымен бірге, оның пайымдауынша, қылмыс бұдан да ерте ашылғандай екен.

"Бізді Германия азаматы теріс жолға салды. Ол сол түні қара түсті "Мерседес" автокөлігіне отырғанын айтқан еді. Шындығында қылмыс ақ түсті "Жигули" көлігінде жасалғаны анықталды. Біз бұл қылмысты бұдан да бұрын ашатын едік. Алайда, жәбірленушінің көлік маркасы мен түсін шатастырып алуы қылмыстың ізінің ашылуын 10 күнге кешіктірді", - деп түсіндірді Ж. Битенов.

Оның айтуынша, істі тергеу және бейнежазбаларды қарау барысында Астана полициясының қызметкерлері автокөліктерден түнде зат ұрлаумен айналысқан бірнеше топты құрықтаған. "Атап айтар болсақ, біз тұтқындаған осындай топтардың 3 мүшесіне қатысты түнгі көліктерден зат ұрлаудың 8 эпизоды дәлелденді", - деп толықтырды Астана қалалық ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны