08.10.2026, 19:05 129281 / 24240

Непалда із-түзсіз жоғалып кеткен қазақстандық әйел елге оралды - СІМ

Непалда із-түзсіз жоғалып кеткен қазақстандық әйел елге оралды - СІМ
Непалдағы табиғи апаттан кейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған қазақстандық әйел табылып, Қазақстанға оралды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов.

Бұған дейін Қазақстаннан барған үш турист әйел із-түзсіз жоғалғандардың қатарында болған. Олардың екеуі Непалда, біреуі Тибетте жоғалған.

"Із-түзсіз жоғалды деп есептелген және болжам бойынша Непалда болуы мүмкін әйелдердің бірімен байланыс орнатылды. Оның табиғи апат аймағына жоспарлаған сапарынан бас тартқаны анықталды. Қазіргі уақытта ол Қазақстанда", - деп мәлім етті Жанболат Үсенов.


Қалған екі қазақстандық әйелдің қайда екені әзірге анықталған жоқ.

"Олардың туыстары жеке басын анықтау үшін қажетті рәсімдерден өтті. Атап айтқанда, Непал мен ҚХР-дың құзыретті органдары белгілеген тәртіпке сәйкес ДНҚ талдауын жүргізу үшін биологиялық материал тапсырды", - деп атап өтті ведомство өкілдері.


Непал тарапының мәліметінше, ел аумағындағы іздестіру-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталған. Қазір зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Осы жұмыстар барысында табылған адам сүйектері мен жеке заттар кейіннен сәйкестендіру үшін тиісті органдарға тапсырылып жатыр.

ҚХР-дың Тибет автономиялық ауданында табиғи апаттан ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздестіру жұмыстары жалғасуда. Қытай тарапы сонымен қатар табылған адам сүйектерін сәйкестендіру және генетикалық сараптама жүргізу жұмыстарын жалғастыруда.

"Қазақстандық дипломаттар із-түзсіз жоғалған азаматтардың отбасыларымен байланыста, оларға қажетті көмек көрсетуде", - деп хабарлады министрліктен.


Естеріңізге сала кетсек, 26 тамызда Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданының шекаралас өңірлерінде жойқын су тасқыны болып, із-түзсіз жоғалғандар қатарында 20-дан астам елдің азаматтары бар екендігі хабарланған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны