16.08.2007, 18:31 2993

Новсибирскіде Қазақстаннан әкелінген марихуананың ірі партиясын таратып жүрген екі еркек ұсталды

Новсибирскіде Қазақстаннан әкелінген марихуананың ірі партиясын таратып жүрген екі еркек ұсталды

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 16 - тамыз. ПАВЛОДАР. Новсибирскіде Қазақстаннан әкелінген марихуананың ірі партиясын таратып жүрген екі еркек ұсталды. Бұл туралы "ҚАЗАҚСТАН БҮГІН" агенттігінің тілшісіне Новосибирск облысының есірткі айналымын бақылау жөніндегі Федералдық қызметі басқармасының ақпарат және қоғамдық байланыс тобынан хабарлады.

Күдіктілерді ұстауға қатысты іс-шара Новсибирск қаласының Октябрь ауданындағы күдіктілердің бірі пәтер жалдап тұрған үйдің подъездінің алдында болған. "Олар үйге келген көліктен, сондай-ақ кейін олар жалдап тұрып жатқан пәтерден жоғары сапалы марихуана салынған екі толы целофан дорба мен төрт сөмке табылған",- деп атап өтті ақпарат тобының басшысы Анастасия Рыжкова. Тәркіленген есірткінің салмағы 21,5 кг.

А. Рыжкованың хабарлауынша, күдіктілерден марихуанамен бірге есірткі заттарын аз мөлшерде бөліп салуға арналған таразы мен жүзден астам орама заттары тәркіленген. Құқық қорғау органдарының ақпараттарына сүйенсек, ұсталғандар әділет органдарының көзіне бұрындары түспеген. Қазір олар қамауда отыр. Оларға сегіз жылдан жоғары мерзіммен бас бостандығынан айыруды көздейтін өте ірі көлемде есірткі заттарын сатуға әрекет жасау жөніндегі айып тағылған.

Ресейліктердің мәліметтеріне сүйенсек, бұл осы айдағы Новсибирскде ірі көлемдегі есірткі тәркілеудің екінші дерегі. Жуықта жедел қызметкерлер арнайы іс-шара жүргізу барысында Тәжікстанның 27 жасар азаматын ұстаған, одан 2 кг астам героин тәркіленген. Есірткі күдікті тоқтаған қонақ үйдің бөлмесіне жасырылған болатын. Ұсталған еркектің есірткіні Қазақстан аумағы арқылы әкелу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Новосибирск облысының есірткі айналымын бақылау жөніндегі Федералдық қызметі басқармасының хабарлауынша, есірткі сатушының өз отанында, Тәжікстанда жағдайлы отбасының мүшесі - ата-анасы жеке бизнестің иелері болып табылады. Өзі боксшы және де төрт баланың әкесі.

Новосибирск облысының есірткі айналымын бақылау жөніндегі Федералдық қызметі басқармасының ақпарат тобынан хабарлағандай, тұтқындалған Тәжікстан азаматына Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің "өте ірі көлемдегі есірткі заттарын заңсыз өндіру, сату және өткізу" қылмысын қарастыратын 228.1-бабының 3-тармағы бойынша айып тағылған. Аталмыш бап сегіз жылдан жоғары мерзіммен бас бостандығынан айыруды көздейді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны