09.04.2010, 10:36 1806

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстанның ұстанымын айқындап берді

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстанның ұстанымын айқындап берді

Астана. 9 сәуір. Kazakhstan Today - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше "Евронюьс" телеарнасына берген сұхбатында Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстанның ұстанымын айқындап берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мемлекет басшысы туысқан елде тағы да тұрақсыздық орнап, азаматтардың қаны төгілгеніне өкініш білдірді. Президент Қазақстан ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Ж.Кәрібжановты Қырғызстан бойынша арнаулы өкіл етіп тағайындағанын атап өтті. ЕҚЫҰ Хатшылығынан Бішкекке ЕҚЫҰ Хатшылығының Қақтығыстарды болдырмау жөніндегі орталығының директоры Зальбер жіберілген.

Нұрсұлтан Назарбаев көрші республикада болып жатқан күш қолдану пен тонаушылықты айыптады.

"Қырғыз Республикасы - біздің көршіміз. Осы оқиғаларды үлкен өкінішпен бақылап отырмын. Мен осындай тұңғиық иірімге үнемі тап болатын етене туыс қырғыз халқын аяймын. Барлық саясатшылар бұл ретте халыққа қамқорлық жасайтынын, оған жақсылық тілейтінін айтумен болады. Ал іс жүзінде екінші күн қатарынан онда тонаушылық жүріп жатыр. Дүкендерді қиратып, өртеуде, банктер жабылған, бизнес қаладан безіп, Қырғызстаннан капитал кетуде. Тұрақтылық жоқ болса - ештеңе де бола алмайды. Саясатпен, баррикадаға шығумен айналыспау керек. Алдымен халықты тойындыратын, оған жұмыс беретін нәрселермен айналысу қажет. Осындай келеңсіздік салдарынан бүгінде Қырғызстан халқының жартысынан астамы кедейшілік деңгейінен төмен жағдайда тұрады. Жұмыссыздық өте көп. Жан басына шаққандағы ІЖӨ, салыстырып көріңіз, Қырғызстанда - 800 доллар, Қазақстанда - 8000 доллар. Қазақстан бүкіл осы жылдар бойы бейбіт өмірдің жемісін көріп, адамдар тыныш еңбек етіп, балаларын тәрбиелеуде. Елде тұрақтылық бар. Көпұлттылығына қарамастан, адамдар бір-бірін құрметтейді, толеранттылық өте жоғары. Осының өзі бізге даму мүмкіндігін береді, инвестициялар тартуға мүмкіндік туғызады. Мұның бәрі бізге тұрақтылық пен халықтың тыныш өмір сүруі - ең басты мәселе екенін көрсетеді", - деп атап өтті президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны