03.12.2013, 18:21 3078

Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының жаңа үлгідегі бірінші партиялық билетіне ие болды

Іс-шара аяқталғаннан кейін "Нұр Отан" партиясы Саяси Кеңесі Бюросының мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа үлгідегі бірінші партиялық билетті тапсырды.

Алматы. 03 желтоқсан. Kazakhstan today. "Нұр Отан" партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында болған Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының жаңа үлгідегі бірінші партиялық билетіне ие болды, деп хабарлайды Kazakhstan today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы, "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 1-желтоқсанда Республикалық қоғамдық қабылдаудың Астанадағы жаңа ғимаратында болды.

Ғимаратты аралау барысында Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қоғамдық қабылдаулардың жаңа жұмыс форматы туралы хабардар етті.

"Нұр Отанның" Қоғамдық қабылдауына Қазақстандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының үлгісі бойынша халықпен жұмыс жасаудың сервистік бағдардағы тәсілдері және Оңтүстік Корея, Сингапур, Дания сияқты елдердегі озық тәжірибелер енгізілуде.

Жаңа формат өңірлердегі ахуал туралы баламалы, мемлекеттік органдарға тәуелсіз ақпараттар алуға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындармен "он-лайн" режімінде байланыс жасауға мүмкіндік беретін "Электронды партия" жобасымен танысты. Партияның ресми сайтына өтініш жолдап, заңгерлік кеңес алуға болады. Өтініштің орындалу барысын nurotan.kz сайтынан да, арнайы берілетін QR-коды арқылы да қадағалап отыруға болады. Сондай-ақ партияның еліміз бойынша ортақ тегін (2) 597-850 байланыс нөмірі бар call-орталығы құрылған.

Сондай-ақ, "Нұр Отан" партиясы Төрағасы Республикалық қоғамдық қабылдауға өтінішпен келген азаматтарды қабылдады. Мысалы, Маңғыстау облысындағы жоғары оқу орнының түлегі Азамат Шадиров "Жас Отанмен" бірлесіп ЭКСПО-2017 көрмесіне волонтерлер даярлайтын өңірлік штабтар құру жөнінде бастама көтерді. Астана қаласындағы мамандандырылған Балалар үйі директоры Гүлнар Құлышева ДЦП диагнозы бар балаларға арналған оңалту орталықтарына қолдау көрсетуді өтінді, ондай орталықтарды ұйымдастыру қазірдің өзінде Қазақстанның алты өңірінде іске асырылуда. Ақмола облысының Көкшетау қаласынан келген кәсіпкер Сергей Миленко "Бизнестің жол картасы - 2020" аясында құрамажем зауытын іске қосу үшін электр желісі құрылысына және автомобиль жолдарын салуды жеделдетуге көмек көрсетілсе деген өтінішін білдірді. Алматы облысы, Қаракемер ауылындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы К.Манекеев жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді тәжірибесін таратуға көмектесуді өтінді.

"Нұр Отанның" өңірлік бөлімшелері жетекшілері бейнебайланыс жүйесі бойынша партия Төрағасына XV съезде берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде баяндады.

Мемлекет басшысы бұдан тұп-тура 22 жыл бұрын, Тәуелсіздік таңы атқан сәтте алғаш рет жалпыұлттық Президент сайлауы өткенін, сондықтан өткен жылы еліміздің Парламенті 1 желтоқсанды Қазақстандағы мемлекеттік мереке ретінде бекіткенін атап өтті.

"Бүгінде біз қажырлы еңбек еткен жылдар ішінде елеулі нәтижелерге бірге жеттік деп айтуымызға болады. Міне, жыл аяқталып келеді, жалпы алғанда, көрсеткіштер жаман емес. Сіздерді құттықтаймын және жұмыста табыс тілеймін", - деді Президент.

Іс-шара аяқталғаннан кейін "Нұр Отан" партиясы Саяси Кеңесі Бюросының мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа үлгідегі бірінші партиялық билетті тапсырды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны