05.12.2008, 19:34 3411

Нұрсұлтан Назарбаев "Үздік шетелдік инвестор - 2008" конкурсының жеңімпаздарын марапаттады

Нұрсұлтан Назарбаев "Үздік шетелдік инвестор - 2008" конкурсының жеңімпаздарын марапаттады

Алматы. 5 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Нұрсұлтан Назарбаев "Үздік шетелдік инвестор - 2008" конкурсының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Алматыда мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің қазақстандық үлесті дамыту мәселелеріне арналған 20-шы мерейтойлық жалпы мәжілісі өтіп, оның қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев "Үздік шетелдік инвестор - 2008" конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысып, конкурс жүлдегерлеріне дипломдарын табыс етті.

Кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев он жыл ішінде инвесторлармен кездесу жақсы дәстүрге, ал Кеңестің өзі - инвесторлар үшін де, сондай-ақ біздің еліміз үшін де аса маңызды тақырыптарды талқылайтын ашық алаңға айналып үлгергенін атап өтті.

Президент сондай-ақ жиналғандарға Кеңестің жаңа мүшелері - Еуропалық Қайта құру және даму банкінің президенті Томас Мироуды, Азия даму банкінің вице-президенті Шаою Жаоны және "Эни" корпорациясының Бас өндірістік директоры Клаудио Дескальциді таныстырып, олардың қызметіне табыс тіледі.

Кеңестің бұдан бұрынғы жалпы мәжілісінің хаттамасының орындалу барысы туралы, сондай-ақ қазақстандық үлесті дамытудың жай-күйі жөнінде ҚР Индустрия және сауда министрі В.Школьник есеп берді.

Мәжілісте сөз сөйлеген Еуропалық Қайта құру және даму банкінің президенті Томас Мироу қазақстандық үлесті дамыту бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шараларға қолдау білдірді және тараптардың осы бағытта бірлесіп әрекет ету қажеттігіне баса назар аударды.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов өз сөзінде халықтың кәсіпкерлік белсенділігін қолдау, серпінді жобаларды жүзеге асыру, жаңа өнім түрлерін игеру жөніндегі ұлттық бағдарламалардың және қазақстандық үлесті дамыту жөніндегі басқа да бағдарламалардың үйлестірушісі ретінде Қордың қабылдап жатқан шаралары жайында баяндады.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері қазақстандық үлесті дамытудың негізгі проблемаларын, сондай-ақ инвестициялық саясат пен Қазақстандағы инвестициялық ахуал мәселелерін талқылады.

Кеңес жұмысын қорытындылай келе, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан 2007 жылдың өзінде-ақ жаһандық қаржы дағдарысының алғашқы толқынын сезінгенін, соған сәйкес тиісті шаралар қабылдап, бейімделгенін, сондықтан да, дағдарыстың келесі толқынының мүмкін болар кері әсерлерінің алдын алуға айтарлықтай дайын болғандығын атап өтті.

"Бүкіл әлем қиыншылық кешіп жатқан қазіргідей жағдайда елдер тек өз экономикасының ішкі өсім қорларына сенім арта алатынына көз жеткізіп отырмыз", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент қазақстандық үлес мәселесіне қатысты Үкіметтің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп атап көрсетті. Атап айтқанда, міндеттер мен межелер айқындалмаған, оның шарттары мен ережелері әзірленбеген, қазақстандық тауар өндірушілермен жұмыс жүргізу бойынша қандай да бір нақты іс-қимыл қабылданбаған.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық үлесті дамыту үкімет үшін ең бірінші мәселесі болуы тиіс екендігін мәлімдеді. Осыған байланысты мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, әрбір жер қойнауын пайдаланушымен нақты жұмыс жүргізу керек, ол үшін салалық министрліктердің, "Самұрық-Қазына" холдингі басшылығының қатысуымен жоғары деңгейдегі жұмыс тобын құру қажет.

Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары сатып алу тапсырыстарына отандық өндірушілердің барынша қатысуын қамтамасыз етулері тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев кеңеске қатысушы шетелдік инвесторларға арнаған сөзінде олардың қаржы дағдарысына қарамастан, адамдарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуін және жұмыс орындарын сақтауы тиіс екендігін атап өтті.

Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің келесі отырысы 2009 жылдың 12 маусымында Қостанай қаласында өтеді және әлемдік қаржы нарығындағы алмағайып жағдайда Қазақстанның одан арғы экономикалық дамуы үшін баламалы қаржы көздері мәселелеріне арналмақ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны