15.09.2026, 09:20 21566 / 4044

Оңтүстік Кореяның ірі корпорациясы Қазақстандағы технологиялық жобаларға шақырылды

Оңтүстік Кореяның ірі корпорациясы Қазақстандағы технологиялық жобаларға шақырылды
Сурет: Ақорда
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның Hanwha Group компаниясына технологиялар саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды және Орталық Азия нарықтарына шығу үшін Қазақстанды алаң ретінде пайдалануды ұсынды. Президент Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вонмен инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Тоқаев Қазақстанның Корея Республикасымен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын, ал еліміз Hanwha Group компаниясын Корея Республикасының бірқатар стратегиялық маңызды салаларда халықаралық позициясы мығым жетекші бизнес топтарының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.

Президент Қазақстанда ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды шаралар қабылданып жатқанын айта келе, Hanwha Group компаниясына Қазақстанды Орталық Азия нарығына шығатын технологиялық алаң ретінде пайдаланып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Hanwha Group компаниясымен серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады және қол жеткізілген уағдаластықтар өзара тиімді нақты жобаларға ұласатынына сенім білдірді.

Ким Дон Вон өз кезегінде Hanwha Group 1997 жылы Қазақстанмен ынтымақтастықты бастаған алғашқы кореялық корпорациялардың бірі екеніне назар аударды. Сондай-ақ, еліміздегі цифрландыру үдерісіне және түрлі жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндігін ерекше ықыласпен қабылдағанын атап өтті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны