10.08.2011, 17:15 4117

ОҚО Алматы тұрғынын өлтірді деген күдікті ұсталды

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Алматыда бұзақылықпен жасалған кісі өлімі ашылды.

Алматы. 10-тамыз. Kazakhstan Today - ОҚО Алматы тұрғынын өлтірді деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Алматыда бұзақылықпен жасалған кісі өлімі ашылды.

Естеріңізге сала кетсек, маусым айының ортасында Алматы қаласының "Дорожник" ықшамауданының тұрғын үйлер ауласында аңшылық мылтықтан атылған оқтан 26 жасар азамат қаза тапқан болатын.

"Тұрғын үй ауласында уақыт өткізіп отырған достарға сол маңнан өтіп бара жатқан бейтаныс адам келіп, көңілді топтың әңгімесіне киліге кетеді. Екі жақ арасында дау туындап, нәтижесінде бейтаныс азамат мәселені қарумен шешпек ниетте жақын маңдағы үйінен аңшылық мылтығын әкеліп, аула тұрғынын жайратып салады. 26 жасар азамат ішіне тиген оқтан 4-қалалық ауруханада жарты сағаттан кейін көз жұмды. Жедел іздестіру тобы күдіктінің жеке басын анықтау мен оны іздестіруге бағытталған бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асырған болатын", - деді Алматы қаласы ІІД Криминалдық полиция басқармасы, жеке тұлғаларға бағытталған қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы Сабыржан Жорабеков.

Жедел уәкілдер назарына іліккен 21 жастағы күдікті осы ықшамауданда туысқан әпкесінің үйінде тұрып келген. Алайда қылмыс жасағаннан кейін ол із жасырып жүрген. Күдіктінің туыстық қатынастарын тексерген жедел уәкілдер оның Алматы облысының Боралдай елді мекенінде жасырынып жатуы мүмкін деген тоқтамға келеді. Алайда бұл тұспал жоққа шығып, қандықол қылмыскер өзінің туған жеріне кетіп қалғандығы белгілі болған.

"Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Алматыға үш жыл бұрын жұмыс істеуге келген. Қала базарларының бірінде жүк тиеуші болып жұмыс атқарып жүрген. Ал оқ атылған аңшылық қаруға оның ешқандай рұқсат қағазы болмағандықтан, қару еш жерде тіркелмеген. Қылмыскер қолға түскеннен кейін аңшылық мылтық та тәркіленіп, қылмыстық іске айғақ зат ретінде тіркелген соң, баллистикалық сараптамаға жіберілді. Сараптама нәтижесінен кейін бұл тіркелмеген қарудың басқа да ашылмаған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталатын болады", - деді С.Жорабеков.

Ал Криминалдық полиция басқармасы қылмыскердің қылмысын толығымен әшкерелейтін дәлелдер негізі толық екендігін алға тартты. Қылмыскер болса өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Алдағы уақытта оған берілетін жазаны сот орындары тағайындайтын болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны