18.06.2007, 18:51 2772

Оңтүстік Қазақстан облысында тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау қоғамының қызметкерлері алаяқтығы үшін құрықталды

ШЫМКЕНТ. 18-маусым. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысында тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау қоғамының қызметкерлері алаяқтығы мен парақорлығы үшін құрықталды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокурорының аға көмекшісі Асқар Бектенов хабарлады.

Оның айтуынша, Арыс аудандық прокуратурасына жеке меншік дүкендердің қожайындарынан өздерін қаржы полициясының қызметкерлеріміз деп таныстырған үш белгісіз адам заңсыз тексерулер жүргізіп, беті ашылған заң бұзушылықтарға қатысты істі оң шешу үшін 19 мың теңгені талап етіп алған. "Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жүргізген тексеру кезінде бұл үшеудің шын мәнінде Оңтүстік Қазақстан облыстық тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау қоғамының қызметкерлері екені анықталды",- деді А.Бектенов.

Баспасөз хатшысының хабарлауынша, қылмыс үстінде құрықталған азаматтар Арыс аудандық прокуратурасының аға көмекшісіне оларды қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 60 мың теңге көлемінде пара ұсынған. Прокуратура қызметкері аудандық прокурордың атына өзіне жасалған ұсыныс туралы рапорт жазады. "Бұл дерек бойынша тексеру тағайындалып, тексеру барысында Оңтүстік Қазақстан облыстық ҰҚКД аудандық бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе отырып пара беру сәтінде әлгі қоғамның бір қызметкері қолға түсті",- деді А.Бектенов.

Бұл деректер бойынша Арыс аудандық прокуратурасы пара беріп жатқанда ұсталған азаматтың үстінен алаяқтығы (ҚР Қылмыстық кодексінің 177 бабы, 2-тармағы, "а" тармақшасы) және пара бергені үшін (ҚР Қылмыстық кодексінің 312-бабы, 2-тармағы) қылмыстық іс қозғалды. Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау қоғамының басқа екі қызметкерінің үстінен алаяқтығы үшін (ҚР Қылмыстық кодексінің 177 бабы, 2-тармағы, "а" тармақшасы) қылмыстық іс қозғалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны