08.04.2009, 17:30 3194

Оңтүстік Қазақстан облыстық тәртіп сақшылары соңғы екі күн ішінде 13 килограмм героин тәркіледі

Оңтүстік Қазақстан облыстық тәртіп сақшылары соңғы екі күн ішінде 13 килограмм героин тәркіледі

Шымкент. 8 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Оңтүстік Қазақстан облыстық тәртіп сақшылары соңғы екі күн ішінде 13 килограмм героин тәркіледі, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің Есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері соңғы екі күн ішінде есірткі саудасымен айналысатын үш топты ұстады. Олардан жалпы көлемі 13 килограмм героин тәркіленді. Осы есірткі заттарын "қара базарда" сатқан күннің өзінде 20 млн. теңге көлемінде болады екен. Яғни, 50 000 доза есірткі пайдаланушылардың қолына жетпей қалды деген сөз".

Атап айтсақ, ағымдағы жылдың 4 сәуірінде ОҚО ІІД ЕБҚКБ-ның қызметкерлерімен жедел іс-шаралар жүргізу барысында Мақтаарал ауданында қылмыстық топ ұсталып, олардан аса ірі мөлшерде есірткі заты - салмағы 10 кг-ға жуық "героин" тәркіленді. Мақтарал ауданы тұрғынының үйінде "Байтуған" есімді кісіге Өзбекстан Республикасының 1971 және 1967 жылы туған екі азаматы есірткі сату барысында ұсталған. Жеке тінту барысында 1971 жылы туған азаматтың қолындағы қара түсті сөмкеде 6 дана скотчпен оралған орамалар табылған.

5 сәуір күні Қазығұрт ауданындағы "Рубеж" бекетінде 1958 жылы туған Ресей Федерациясының азаматы есірткі тасымалдау кезінде ұсталды. Ол есірткіні целофан қалтаға орап, шалбарының ішінен денесіне скотчпен жабыстырып өткізіп келген. Тінту кезінде күдіктіден 1 килограмнан аса есірткі заттары табылған.

Сондай-ақ, 6 сәуір күні Шымкент қаласындағы "Самал" базарының маңында Арыс қаласынан келген 1973 жылғы ерлі-зайыптылар есірткі заттарын сатып тұрған жерінен ұсталды. Олардан пакеттерге бөлек-бөлек салынған, жалпы көлемі 200 грамм есірткі тәркіленді. Жедел-іздестіру тобының іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер тәркіленген есірткіні жергілікті қала тұрғыны 1951 жылы туған азаматшадан сатып алғанын айтқан. Аталған азаматшаның үйін тінтігенде сейфтің ішінен 2 кг-ға жуық героин табылған.

Күдіктілер қамауда, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Дәл қазіргі таңда полиция қызметкерлері Оңтүстік өңіріндегі есірткі каналын анықтау бойынша қызмет атқаруда.

2009 жылдың 3 ай 7 күн мерзімінде Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер органдарымен есірткінің заңсыз айналымына қатысты 169 қылмыстық іс тіркелді. Заңсыз айналымнан 60 кг есірткі заттары тәркіленген. Оның ішінде 20 кг героин бар. Ағымдағы жылдың 3 ай көлемінде есірткі бизнесіне қарсы күрес құрылымдарымен есірткі бизнесімен айналысатын 65 жайт анықталған. Есірткі сатуды кәсіп етіп жүрген 46 есірткі сату нүктелері жойылды, 70 есірткі сатушылар "жедел сатып алу" әдісі бойынша қолға түсірілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны