24.02.2021, 22:19 20573

Орфографиялық қателер және теңтүпнұсқалы аударма: мәжіліс көрнекі ақпарат мәселелері жөніндегі заң жобасын мақұлдады

Қазақстан Республикасының 13 Заңы мен Кодексіне түзетулер енгізу көзделіп отыр.
Нұр-Сұлтан. 24 ақпан. Kazakhstan Today - Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ақтоты Райымқұлова заң жобасын қабылдаудың мақсаты - Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерін көрнекі ақпарат мәселелері бойынша жетілдіру болып табылатынын атап өтті.
 

Заң жобасының негізгі бағыттары: 1. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу; 2. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің теңтүпнұсқалы аудармасын (аутентичность) сақтап отырып жазу; 3. "Мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы" деген ұғым енгізу", - деп тізіп берді министр.

 
Ол көрнекі ақпарат құрал (баннер, маңдайша, хабарландыру, жарнама, баға көрсеткіштері және т.б.) еліміздегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдың бірі болып табылатынын атап өтті. Деректемелер мен көрнекі ақпарат құрал мәтінін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасыз жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған.
 

Сонымен қатар теңтүпнұсқалы аудармасын сақтай отырып жазу талабы екі тілде (қазақ және орыс тілінде) берілген мәтіннің мағына, мазмұн жағынан сәйкес келмеу фактілерін жоюға бағытталып отыр. Көрнекі ақпаратты ашық кеңістікте және ғимарат ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен қатар кез келген кәсіпкерлік нысан жүзеге асыра алады. М?селен, кейінгісі көрнекі ақпаратты өз өнімі мен қызметін ілгерілету құралы ретінде пайдаланады", - деді Раимкулова.

 
Оның айтуынша, мемлекеттік органдарға азаматтардан көрнекі ақпаратты орналастыру кезінде тіл туралы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты көптеп шағым түсіп жатыр. Осы ретте қазақ тілінде көрнекі ақпараттың болмауын азаматтар Конституцияның 14-бабында бекітілген өз құқықтарына қысым жасау деп санайды.
 

Көрнекі ақпаратқа қатысты заң бұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдарға 2018 жылы – 12 886 өтініш, 2019 жылы 12 900 өтініш келіп түскен. Ал өткен жылы жедел желіге (call center) келіп түскен шағым саны – 3442", - деді ол.

 
Аталған проблемаларды шешу мақсатында заң жобасы аясында Қазақстан Республикасының 13 Заңы мен Кодексіне түзетулер енгізу көзделіп отыр. Олар: 1) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске; 2) "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңға; 3) "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" Заңға; 4) "Темір жол көлігі туралы" Заңға; 5) "Автомобиль көлігі туралы" Заңға; 6) "Жарнама туралы" Заңға; 7) "Сауда қызметін реттеу туралы" Заңға; 8) "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Заңға; 9) "Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы" Заңға; 10) "Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" Заңға; 11) "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңға; 12) "Пошта туралы" Заңға; 13) "Кинематография туралы" Заңға.
 

Біз күтетін нәтиже: мемлекеттік тілдің көрнекі ақпаратта міндетті түрде қолданылуын қамтамасыз ету; мемлекеттік тілдің қолданылу мәртебесін арттыру; деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтінін орфография нормаларына сәйкес жазуды қамтамасыз ету; мәтіннің екі тілде теңтүпнұсқалылығын сақтап жазуды қамтамасыз ету", - деп түйіндеді министр.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны