22.12.2006, 18:10 2946

Осы жылы ҰҚК-нің "Арыстан" арнаулы тобынан 20-дан астам қызметкер жұмыстан шығарылды

АСТАНА. 22-желтоқсан. Kazakhstan Today. ҰҚК-нің "Арыстан" арнаулы тобының қызметкерлері құрамын аттестациялау қорытындысы бойынша 20 адам жұмыстан шығарылды. Бұл туралы бүгін жылды қорытындылау мақсатында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ҰҚК-нің ресми өкілі Кенжеболат Бекназаров құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз "Арыстанның" бірнеше қызметкерінің Алтынбек Сәрсенбаевты ұрлауға атсалысуына қатысты оқиғаны олар тарапынан қақ арқа тұсынан пышақ салу деп қабылдадық",- деді К.Бекназаров.

Ол ҰҚК-нің кейбір қызметкерлерінің осы қылмысқа қатысы бар екенін белгілі бола сала комитет басшылығы бірқатар шараларды қолға алды деп еске салды. Атап айтсақ, "Арыстан" арнаулы тобының басшылығы түбегейлі өзгертіліп, осы бөлімнің барлық қызметкерлері аттестациялаудан өтті. Соның қорытындысына сәйкес, К.Бекназаровтың айтуынша, 20 адам жұмыстан қудаланған.

Сонымен бірге , К.Бекназаровтың айтуынша, Арыстанның" бірнеше қызметкерінің Алтынбек Сәрсенбаевты ұрлауға атсалысуын ҰҚК-нің басшылығы "мамандар таңдаудағы кейбір олқылықтардың кесірі" деп бағалайды. "Дәл осы тұлғалар (Сәрсенбаевты ұрлауға қатысқан "Арыстан" қызметкерлері - Kazakhstan Today ескертпесі) бізге басқа мекемелерден келген. Олардың адамгершілік және моральдық қасиеттерін бағалауда кемшіліктерге жол берілген",- деді К.Бекназаров.

Осы орайда еске сала кетсек, "Арыстан" арнаулы тобының бұрынғы алты қызметкері саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісін ұрлағаны үшін сотталды. Қаза тапқандардың мәйіттері 2006-жылдың ақпан айында Алматы іргесінде оқ тиген жарақаттармен табылған болатын.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны