12.04.2007, 15:16 3072

Өскемендегі есірткімен күрес тек көз бояушылық сипатында ғана - қала әкімі

ӨСКЕМЕН. 12 - сәуір. Kazakhstan Today. Өскеменде өткен қалалық үйлестіру кеңесінің отырысында қала әкімі Шәкәрім Бұқтығұтов Шығыс Қазақстанның облыс орталығындағы жүргізіліп жатқан нашақорлықпен күрес жөніндегі жұмыстарға қатаң сын тақты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Өскемендегі нашақорлықпен күрес тек көз бояушылық қана",- деп наразылығын білдірді Шәкәрім Бұқтығұтов өз сөзінде. Оның пікірінше, қалада бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар мардымсыз.

"Мен бұл бағыттағы жұмыстарды атқаруды баршасынан - ІІББ-нан, білім беру жүйесінен, ішкі саясат бөлімінен талап етемін",- деді Шәкәрім Бұқтығұтов. "Сөзбұйдаға салушылықтардың бәрі тоқтатылады... Мектеп директорынан учаскелік полицейлермен және ата-аналар комитетімен қандай жұмыстар жүргізіп жатқандығын, оқу орындарының жанында штабтар құрылған-құрылмағандығын талап етіп сұрайтын боламынн",- деп мәлімдеді Өскемен әкімі.

Үйлестіру кеңесінің отырысында ойын-сауық орындарында есірткі сату немесе қолдану деректері тіркелген жағдайда оның басшыларын жауапқа тарту механизмін дайындауға шешім қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, бұрынырақ Шығыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінің басшылығы есірткі бизнесімен күрес бөлімшесінің жұмысына көңілі толмайтындығын айтқан. Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғау органдарының басшылары есірткі қылмыстарын, есірткі сатып қолданатын орындарды анықтауға, сонымен қатар есірткі заттарын сату деректерінің жолын кесуге қатысты жұмыстарды "мүлдем сәтсіздікке ұшыраған" деген болатын. Аймақта есірткі контрабандасының тек бір ғана дерегі анықталған және де облыстағы нашақорлық бұрынғадай ең өткір проблемалардың бірі болып отырғандығына қарамастан, нашақорлардың басы жиналатын орын ұстауға қатысты бір де бір дерек анықталмаған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны