Отбасы күні: Қазақстанда ата-аналар мен балаларға қолдау күшейтіледі
Сурет: Depositphotos
Жыл басынан бері 50 мыңнан астам қазақстандық Отбасын қолдау орталықтарына жүгінген, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.
2026 жылдың басынан бері Отбасын қолдау орталықтарына 50 мыңнан астам азамат жүгінді. 43 мыңнан астам отбасына консультациялық көмек көрсетіліп, 6 мыңға жуық отбасы ұзақ мерзімді әлеуметтік сүйемелдеуге алынды
Қазір елімізде осындай 160 орталық жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын 208-ге жеткізіп, Қазақстанның әрбір ауданы мен қаласында ашу жоспарланып отыр.
Ведомство Отбасы және неке институтын сақтау мен нығайту жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қабылдады. Құжат ажырасудың алдын алуға, азаматтардың отбасылық өмірге саналы түрде дайындалуына және жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ, "Ата-аналар академиясы" жобасы да жалғасып жатыр. 2026 жылы жоба аясында еліміз бойынша 40 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Олардың қатарында ата-аналар, педагогтер және әлеуметтік сала мамандары бар.
Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігі БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен бірлесіп, "Отбасына қолайлы жұмыс орны" жобасын жүзеге асырып келеді. Бастама қызметкерлердің отбасылық жағдайы мен міндеттері ескерілетін корпоративтік мәдениетті дамытуға және жұмыс істейтін ата-аналарды қолдауға бағытталған.
Министрлік сондай-ақ 2024 жылы Қазақстанда әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң қабылданғанын еске салды. Заң балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке жатқызды.
Биыл Отбасы күні аясында еліміздің барлық өңірінде 12 мыңға жуық адамды қамтыған мыңнан астам іс-шара өткізілді. Отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты білімі мен дағдысын арттыруға, балалар мен жастардың денсаулығын нығайтуға, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған тақырыптық акциялар, кездесулер, семинарлар мен ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

