08.11.2006, 14:07 3147

Парламент бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі заңдардың жобасын жұмысқа қабылдады

АСТАНА. 8-қараша. Kazakhstan Today. АСТАНА. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі" заң жобасы мен "БАҚ мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі. "Бүгін біздің қарауымызға ұсынылған заң жобалары мемлекеттік саясаттағы айрықша маңызды стратегиялық басымдық - сөз бостандығын қамтамасыз етуді жүзеге асыру үшін жасалған",- деді құжаттарды парламентте таныстырған мәжіліс депутаты Дарья Клебанова.

АСТАНА. 8-қараша. Kazakhstan Today. АСТАНА. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі" заң жобасы мен "БАҚ мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бүгін біздің қарауымызға ұсынылған заң жобалары мемлекеттік саясаттағы айрықша маңызды стратегиялық басымдық - сөз бостандығын қамтамасыз етуді жүзеге асыру үшін жасалған",- деді құжаттарды парламентте таныстырған мәжіліс депутаты Дарья Клебанова.

Д.Клебанова "Бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі" заң жобасының басты бірнеше тұжырымдамалық тұстарына тоқталып өтті. Мәселен, "жобаға телехабарлар мен радиохабарларын таратуды ұйымдастыруға, соның ішінде аталмыш қызметке лицензия беруге қатысты бүтін бір тарау енгізілген. Ал қолданыстағы заңнама электрондық БАҚ саласындағы қарым-қанынастарды жартылай ғана реттейді", деді депутат.

Сонымен бірге депутаттың айтуынша, "ақпарат алу және тарату еркіндігін қорғайтын нормалар күшейтілген". "Заң жобасын жасаушылардың пайымдауынша, бұл әрбір азаматқа өзінің көзқарастары, пайым-пікірлері мен сын сипатындағы тұжырымдарын ашық ортаға сала алуына қажетті құқықтық негіз қалауға мүмкіндік береді". Сонымен бірге заң жобасының нормаларымен қандайбір бұқаралық ақпарат құралының түріне монополиялық үстемдік орнатуға тыйым салынады.

Заң жобасында "ар-ұжданды қорғау институты жетілдірілген. Бұл қоғам мен әрбір адамды жалған жала жабу мен кемсітуден қорғауға, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жауап беру мен жоққа шығару құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді".

Сонымен бірге сөз бостандығын бас пайдасына жаратуға жол бермеуге бағытталған нормалар күшейтіледі. "Мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс арнаулы бап енгізілді",- деді депутат.

Бұған қоса мемлекеттік және бейресми ұйымдардың ашықтығын арттыру көзделген. "Егер бұқаралық ақпарат құралдарында олардың атына қандайбір сын айтылған жағдайда қоғам сын садағына іліккен жайтқа қатысты түсініктеме алудан құқылы", деп санайды Д.Клебанова.

Депутаттың айтуынша, заң жобасының нормаларымен бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеудің рұқсатнама-хабарлама беру принципі енгізілумен бірге сондай-ақ, БАҚ-тың іс-қызметін уақытша тоқтата тұру мен мәжбүрлі доғару негіздері аса ауыр құқық бұзушылықтар жасау оқиғаларымен шектеледі.

Заң жобасына бұған қоса қазақ тілін дамытуды ынталандыратын нормалар енгізілген.

Сонымен бірге заң жобасын жасаушылар "БАҚ иесінің құқықтары мен функциялық мүмкіндіктерін заңмен бекітуді ұсынады".

"Заң жобасында бұдан басқа да жаңалықтар баршылық. Олардың міндеті - ақпараттық кеңістіктің біртіндеп дамуын қамтамасыз ету",- деді депутат.

"Бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі" заң жобасы мен "БАҚ мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қабылдау мемлекеттің қосымша қаржы жұмсауын қажетсінбейді.

Айта кетейік, мәжілістің бір топ депутаты аталмыш заң жобаларын 2006-жылдың маусым айында парламентке енгізген. Алайда, үкімет тарапынан оларға кері қорытынды жасалуға байланысты құжаттар кері қайтарып алынған. "Бұдан кейін заң жобалары үкімет тарапынан айтылған ұсыныстар мен ескертулерді ескеру негізінде түзетілді. Атап айтсақ, ұғымдар аппараты толықтырылып, үкіметтің пікіріне сәйкес тәжірибеде қолдану қиындық тудырады делінген бірқатар терминдер алып тасталды",- деді Д.Клебанова.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны