29.01.2007, 12:48 3223

Парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 29-қаңтар. Kazakhstan Today. Бүгін парламент палаталарының біріккен отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Заң жобасының негізгі мақсаты мемлекеттік рәміздердің мәртебесін көтеру мен оларды қолданудың егжей-тегжейлеріне бағытталған мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманы жетілдіру болып табылады",- деді депутаттарға заң жобасын таныстырған мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамед Ертісбаев.

Ол, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау саласын реттейтін қолданыстағы заңнама актілері "мемлекеттік рәміздерді заңды пайдалану мен механизмдерін ашып көрсете алмайтындығын" атап өтті.

Атап айтқанда, аталмыш заң жобасында мемлекеттік рәміздерді орта және арнаулы оқу орындарындағы жалпы білім беру бағдарламаларының негізіне енгізу қарастырылған. Заң жобасы мемлекет туы мен елтаңбаның және оның бейнелерінің білім ұйымдары мен мекемелерінде, әскери бөлімшелерде орналасуы, сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді - ту мен елтаңбаны жарамсыз болған жағдайда ауыстыру немесе жою процедураларын реттейді. Сонымен қатар, ту мен елтаңба қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдарда геральдикалық негіз ретінде, ал мемлекеттік әнұран басқа музыкалық туынды ретінде пайдалынылмайды.

Сонымен қатар, заңнамада мемлекеттік әнұран тек мемлекеттік тілде орындалады деп көрсетілген. Сондай-ақ, заң жобасы әнұранның теле және радио бағдарламаларының таңертеңгі эфирге шығуы алдында және республика аумағында тіркелген теле және радиокомпанияларының хабар таратылымдарының аяқталуы барысында орындалуын қарастырған.

Аталмыш заң жобасының екінші оқылымы 2007 жылдың 16-ақпанында қарастырылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны