23.12.2011, 14:08 3401

Парламент Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жөніндегі заң жобасын қабылдады

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда талқылап, құжатты қабылдады.

Астана. 23-желтоқсан. Kazakhstan Today - Парламент Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жөніндегі заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда талқылап, құжатты қабылдады.

Енді заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Аталған құжат "Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы" заңға ілеспе құжат ретінде қарастырылып отыр. Осыған орай заң жобасының негізгі мақсаты қолданыстағы заңнама нормаларын осы заңға сәйкестендіру болып табылады және сол бағытта бірқатар заңнамаларға өзгертулер енгізіледі. Атап айтқанда, Жер кодексіне индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін уақытша жер пайдалану құқығында жер учаскелерін бөлу мүмкіндігін беру бөлігінде, Салық кодексіне ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық деп танылған жұмыстардың нәтижесі Қазақстан аумағында алғаш рет енгізілген жағдайда, аталған жұмыстарды орындауға жұмсалған шығыстарға салық салуды азайту шаралары көзделеді. Бұдан бөлек, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінен өнімді кепілді түрде сатып алу шеңберінде сатып алуды жүзеге асыру қарастырылады.

Бұл ретте Сенат қабылдаған заң индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыру бойынша заңнаманы уақтылы реттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономиканың басым салаларының жұмыс істеуін және пәрменді дамуын жетілдіруге, ұзақ мерзімді перспективада ұлттық экономиканың орнықты өсуі мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.

Естеріңізге сала кетейік, екінші оқылым барысында депутаттар құжатқа бірқатар өзгерістер енгізген болатын. Атап айтқанда, ҚР Үкіметі инвестициялық келісімшарт жасалған кезден бастап жеті жыл мерзімге бекітетін инвестициялық келісімшарт жасасқан компанияларды жер және мүліктік салықтан босату туралы норма қамтылды. Бұдан бөлек, мемлекеттің қатысу үлесі 25 пайыздан асатын венчурлік қорлар төлейтін дивидендтерді салық салудан, технопарктерді жер және мүлік салығынан босату көзделеді.

Сондай-ақ, мемлекеттің алтын-валюта активтерін толықтыру үшін тазартылған құйма алтынды сатып алудың басым құқығын енгізуіне және ҚР Ұлттық банкі уәкілетті орган деп айқындалуына байланысты Қазақстан Республикасы резиденттерінің тазартылған бағалы металдарды, алтынды және платинаны ҚР Ұлттық банкіне өткізуі кезінде оларды салық салудан босату бөлігінде түзетулер енгізу ұсынылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны