30.11.2006, 11:11 6299

Парламент Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің табанын Ресеймен бөлісу жөніндегі хаттамаға енгізілетін өзгерістерді бекітті

АСТАНА. 30-қараша. Kazakhstan Today. Бүгін өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Жер қойнауын пайдалану жөніндегі егемен құқықты жүзеге асыру мақсатымен Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің табанын бөлісу жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1998-жылдың 6-шілдесіндегі келісімге қосымша хаттамаға өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы бекіту туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, келісімге қосымша хаттамаға енгізілетін түзетулер Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан және өзара өнім бөлісу жөніндегі келісімнің шарттары бойынша мемлекетаралық уағдаластыққа сәйкес Ресей Федерациясының юрисдикциясындағы "Центральная" құрылымы мен "Хвалынское" кенішін игеру мүмкіндіктерін қарастырады..

Бұл хаттаманы жүзеге асыру "Центральная" құрылымы мен "Хвалынское" кенішін бірлесіп игере бастауға қолайлы жағдай жасайды.

Хаттамаға мемлекет басшылары 2006-жылдың 25-қаңтарында Санкт-Петербург қаласында қол қойған.

Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің табанын бөлісу жөніндегі келісім "Құрманғазы", "Хвалынское" және басқа да осы секілді кеніштердегі бірлескен жұмыстарды қолға алуға мүмкіндік береді. Келісімге қосымша хаттамада Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің табанын Ресей мен Қазақстан арасында бөлісетін модификацияланған орта сызықтың географиялық координаттары белгіленеді. Хаттаманың 2-бабына сәйкес, Қазақстан "Құрманғазы" құрылымындағы жер қойнауын пайдалануға, ал Ресей - "Центральная" құрылымы мен "Хвалынское" кенішіндегі жер қойнауын пайдалануға егемен құқыққа ие.

Заң президенттің қол қоюына жолданды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны