18.10.2006, 14:25 3128

Парламент "Мәдениет туралы" заң жобасы бойынша келісім комиссиясын құруда

АСТАНА. 18-қазан. Kazakhstan Today. Парламент "Мәдениет туралы" заң жобасы бойынша палаталар арасындағы қайшылықты еңсеру үшін келісім комиссиясын құруда. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Палаталар арасында кейбір қайшылықтар туындауға байланысты келісім комиссиясын құру қажет",- деді мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрайымы Зәуре Қадырова.

Естеріңізге сала кетсек, өткен сессияда құжаттарды депутаттарға таныстырған мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың түсініктемесіне сәйкес, Қазақстанда қазір жұмыс істейтін "мәдениет туралы осыдан 10 жыл бұрын қабылданған заң замана талаптарына жауап бере алмай қалды. Ал жаңа заң жобасының тұжырымдамасы мәдениет саласындағы өзекті проблемаларды шешуге арналған".

Жаңа заңның жобасында мәдениетті дамыту және мәдени мұраны сақтау мақсатында субсидия бөлу жолымен мемлекеттік колдау алғаш рет заңдастырылды. Заң жобасында мәдениет ұйымдарын бюджет қаржысы мен қайырымдылық және демеушілік көмекпен қаржыландыру туралы тәртіп енгізілген. Сонымен бірге құжаттың көмегімен мәдениет саласында мемлекеттік шәкіртақы тағайындау мүмкіндіктері қарастырылған норма енгізілді.

Құжат ережелерінде кітапханалар мен мұражай-қорықтардың негізгі өз жұмыс бағытына жатпайтын қызмет түрлерін көрсету құқығы заңдастырылды. Осындай қызмет көрсету арқылы тапқан қаржы кітапханалар мен мұражай-қорықтардың өзінде қалып, оларды дамытуға жұмсалады. Сондай-ақ, заңнамалық деңгейде алғаш рет мемлекеттік мәдениет ұйымдары нысандарын жекешелендіруге тыйым салынбақ.

Маусым айында заң жобасын қараған сенат бұл заң жобасына өз түзетулерін енгізіп мәжіліске кері қайтарған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны