28.06.2006, 18:00 2774

Парламент мемлекеттік монополия туралы заң жобасын қарауды тағы да кейінге шегерді

АСТАНА. 28-маусым. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар “Мемлекеттік монополия туралы” заң жобасы мен онымен сабақтас бірқатар заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулер топтамасын қарауды күн тәртібінен алып тастады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Заң жобасы бұған дейін де бірнеше мәрте қарауға ұсынылғанымен түрлі себептермен кейінге шегеріліп келді.

Заң жобасын қарау үшін бүгінгі жалпы отырысқа республика үкімет басшысы Даниал Ахметов шақырылған болатын. Депутаттар алдында сөз сөйлеген үкімет басшысы құрамында рений және осмий металдары бар шикізаттарды шығару, өндіру, өңдеу және сатуға мемлекеттік монополия енгізу туралы депутаттардың ұсынысымен министрлер кабинетінің келіспейтінін жеткізді.

“Мемлекеттік монополия енгізу үшін осы салада қазіргі бар кәсіпорындарды, олардың өндірістік қуатын қайтадан жекешелендіруді талап етеді. Бұл мемлекеттік бюджеттен ауқымды қаржы тартуға алып келеді”,- деді Д.Ахметов. Оның айтуынша, “кәсіпорындарды қайта жекешелендіру мен дайын өнімді сатуға жұмсалатын шығындардың арасындағы кері айырмашылық экономикалық тиімділікті қамтамасыз ете алмайды. Рений мен осмий 20-дан астам кеніштерден шығарылады”,- деді үкімет басшысы.

Оның түсініктемесіне сәйкес, құрамында рений және осмий металдары бар шикізаттарды өндіру мен өңдеуді мемлекеттік реттеу парламентте жуырда қабылданған “Бәсекелестік және монополиялық қызметті шектеу туралы” заң жобасының көмегімен жүзеге асырылады деп күтілген. “Кәсіпорындар тарапынан рыноктағы үстемдік құру үлесі артқан жағдайда олар белгілі бір тауар рыногында монополиялық ахуалдағы рынок субьектілерінің мемлекеттік реестріне енгізіледі”,- деді Д.Ахметов.

“Сөйтіп, рыноктағы осындай субьект тарапынан мүмкіндікті теріс пайдалануға жол бермеу үшін мемлекет бағаны реттеу және өзіндік құн құрылымын қалыптастыруды қадағалау мүмкіндігіне ие болады. Бұл заң (“Бәсекелестік және монополиялық қызметті шектеу туралы”) бізге тек өндіріс барысын ғана емес, сонымен бірге баға қалыптастыруды да қадағалауға мүмкіндік береді. Ал ол тұжырымдамалық тұрғыда маңызды”,- деді үкімет басшысы.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны