28.06.2007, 11:42 3008

Парламент мемлекеттік сатып алу туралы заңды қабылдады

АСТАНА. 28-маусым. Kazakhstan Today. Бүгін өткен сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңды жаңа редакциямен қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, "қолданыстағы заңнан бір ерекшелігі, оған "мемлекеттік сатып алуды жоспарлау" деген ұғым енгізілген, заң жобасымен мемлекеттік сатып алу көлемі мен номенклатурасын жоспарлау кезеңі мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнамамен реттелетін салаға қамтылады",- деді республика қаржы министрі Наталья Коржова.

Заңмен "тапсырыс берушілер аясы реттеліп, мемлекеттік сатып алу заңнамасының әсері аясынан шығарылған сатып алу бағыттары қысқартылған". "Бір жағынан тапсырыс берушілер аясынан ауылдық мекемелерді шығару ұсынылса, екінші жағынан, осы заңнаманың әсері аясына енгізілген өндірістік сектор ұйымдарының тізімі нақтыланған",- деді ол.

"Заңмен тапсырыс берушілерге мемлекеттік сатып алуға байқау жолымен бөлінген қаржының көлемі туралы ақпаратты ашуды міндеттейтін норма енгізілді, басқаша айтқанда, сатып алуға жұмсалған бюджет ашық әрі жариялы болмақ",- деді қаржы министрі.

Заңмен сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықтарға баруға жол беретін алғышарттар жойылған. "Байқау комиссиясы тарапынан бағамен манипуляция жүргізуге немесе тиімсіз бәсекелестерден құтылу үшін жалған себептерді пайдалануға жол бермеу үшін арнайы ереже белгіленіп, соған сәйкес потенциалдық сатушылар бағаға қатысты ұсыныстарын квалификациялық іріктеуден кейін байқау қорытындысы шығатын күні жеке таныстыратын болды",- деді Н.Коржова.

"Мамандар мен техникалық сарапшылардың байқау құжаттамаларын жасау немесе сарапшылық қорытындыны дайындау барысында жол берген заң бұзушылықтары үшін жеке жауапкершілік жүктейтін" норма енгізілген.

Сонымен бірге, сенат депутаттары заңнама нормаларын "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның жаңа редакциясымен сәйкестендіруге бағытталған "Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
"Мемлекеттік сатып алу туралы" заң президенттің қол қоюына ұсынылды. Ал оған ілеспе заң жобасы екінші оқылымға дайындау үшін сенаттың салалық комитетіне жолданды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны