29.05.2007, 16:49 4730

"Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер жобасы мәжіліске енгізілді

АСТАНА. 29-мамыр. Kazakhstan Today. "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер жобасы мәжіліске енгізілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Конституцияға енгізілген түзетулерді жүзеге асыру аясында аталмыш заң жобасы сіздердің құарауларыңызға ұсынылып отыр",- деді мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің отырысында құжатты депутаттарға таныстырған әділет вице-министрі Дәулет Құсдәулетов.

Оның айтуынша, "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңның парламенттің құрамы мен құрылымын белгілейтін 4-бабына депутаттардың санына қатысты түзетулер енгізіледі. Сонымен бірге, "палата төрағаларының құзыры нақтыланады, төрағалардың орынбасарларының саны екі-екіден болады деген ұсыныс енгізілмекші".

"Саяси партиялардың фракцияларының ролі артатындығына байланысты мәжіліс бюросының құрамына фракциялардың жетекшілерін енгізу, фракциялар тек қана мәжілісте құрылатындықтан және мәжіліс негізінен партиялық тізім бойынша құрылатындықтан "фракция" ұғымына жаңа анықтама беріледі",- деді Д.Құсдәулетов.

Сонымен бірге енгізілетін өзгерістермен "конституциялық заңдардың жобаларын қарау тәртібі мен президенттің заңдарға қатысты келіспеушілігін қарау процедурасы бұл мәселені парламент палаталарында жеке қарау шартымен айқындалады".

"Конституциялық заңның 21, 22, 23 баптарының жаңа редакциясы ұсынылып отыр, онда парламенттің президентке Конституцияда белгіленген лауазымдарға тағайындау, сайлау және босатуға келісім беру өкілеттілігі айқындалған",- деді вице-министр.

Заң жобасы нормаларымен "парламент депутатын мандатынан айыру негіздері" айқындалады.

Д.Құсдәулетовтың айтуынша, "Конституциялық заңның 36-бабы жаңа редакциямен ұсынылып отыр, онда Конституцияға енгізілген өзгерістерді ескере отырып парламенттің өкілеттілігін мерзімінен бұрын аяқтау қарастырылған.

Бұл заң жобасын мәжілістің салалық комитеті жұмысқа қабылдады. Расталмаған ресми ақпаратқа сәйкес, Конституцияға енгізілген түзетулерге байланысты конституциялық заңдарға енгізілетін өзгертулер парламент палаталарының 1-маусымдағы бірлескен отырысында бірінші оқылымда қаралады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны