07.04.2011, 16:21 6151

Парламент жер қатынастары жөніндегі заңнамаға енгізелетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенаторлар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Астана. 7 - сәуір. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенаторлар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, аталған заң жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын.

Заң жобасы жер заңнамасын жетілдіруге, Жер кодексінің жекелеген ережелеріндегі қайшылықтар мен әркелкіліктерді жоюға бағытталған. Сонымен қатар заң жобасы "Нұр Отан" ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық кеңестің шешімдерін орындау мақсатында әзірленген болатын.

"Заң жобасында жерді резервке қалдыруға байланысты қатынастар бойынша құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою мақсатында Жер кодексі жаңа баппен толықтырылды. Онда жерді резервте қалдырудың негіздері, тәртібі және мерзімдері айқындалып, жергілікті атқарушы органдардың осы мәселе бойынша құзыреті нақтыланды. Яғни, жерді резервке алуға жергілікті органдарға құқық беріледі. Бұдан бөлек, нарықтық тетіктер ескеріліп, елді мекендер аумақтарын бағалай отырып, жерді аймақтарға бөлу мәселелері ретке келтірілмек. Бұған сәйкес, жер учаскелерін елді мекендерде жекеменшікке беру кезіндегі олар үшін төлемақының базалық ставкаларын белгілеу мәселелері облыстық, Астана және Алматы қалаларының өкілді және атқарушы органдарының құзыретіне жатқызылады. Қолданыстағы заң жобасы бойынша ондай ставкалар тек қана Үкімет қаулысымен бекітіліп келген еді. Ал ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелерін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жалға беру мәселесі бойынша бірқатар шектеулер енгізіледі. Яғни, осы санаттағы тұлғаларға осындай жерлерді беру тек облыстық атқарушы орган жер қатынастары жөніндегі орталық уәкілетті органның келісімін алғаннан соң ғана жүзеге асыратын болады. Бұған дейін осындай шетелдіктерге жерді жалға беру жағдайын аудандық немесе ауылдық мәслихаттар шеше беретін еді. Сонымен қатар, шетелдіктерге қойылатын дәл осындай шектеулерді жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 пайыздан асатын қазақстандық заңды тұлғаларға да қолдану белгіленіп отыр. Яғни, ендігі күні шетелдіктерге жер беру мәселесі қатаң қадағаланады. Жалпы Жер кодексінде шетелдіктерге жер сатуға рұқсат берілмеген болса, ендігі күні бұл мәселе одан сайын қатая түседі. Жұртшылық арасында болатын алыпқашпа сөздерге де осы норма тосқауыл болады деп санаймыз", - дейді заң жобасына бастамашы болған Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов.

Оның айтуынша, жеке тұрғын үй салу үшін мемлекет тарапынан берілетін тегін жер учаскелерімен сауда-саттық жасауды болғызбау мақсатында да арнайы нормалар қамтылған. Бұндай саудаға салуды болдырмау әлгіндей учаскелерді игеру талаптарына байланысты жүргізіледі. Яғни, мемлекеттен үй салу үшін тегін жер телімін алған адам, оны тек пайдалану нысаны ретінде берілгеннен кейін ғана сата алады. "Осыған орай, кез келген азамат мемлекеттен өзіне тиесілі он сотық жерді алып, оны бірден сата алмайды. Ал сатқысы келетін болса, оған тек үй салып барып қана сата алады", - дейді Т. Сыздықов. Бұдан бөлек, заң жобасында Алматы қаласында ортақ пайдалану жерлерінде, көше жиектерінде ақылы автотұрақтарды салу мәселелерін ұйымдастыру нормалары енгізілген. Біршама сауалдардан соң, Сенат депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, екінші оқылымға әзірлеу үшін құжатты бас комитетке жолдады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны