27.01.2010, 12:24 2894

Парламентте құқық бұзушылық профилактикасы туралы заң жобалары бойынша келісім комиссиясы құрылатын болды

Парламентте құқық бұзушылық профилактикасы туралы заң жобалары бойынша келісім комиссиясы құрылатын болды

Астана. 27 қаңтар. Kazakhstan Today - Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларына сенат тарапынан енгізілген түзетулермен келіспеді, соған байланысты парламенттің қос палатасының арасындағы келіспеушілікті еңсеру үшін келісім комиссиясын құруға шешім қабылданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, сенат депутаттары 2009 жылғы 24 желтоқсанда өткен жалпы отырыста "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларына өз түзетулерін енгізіп, мәжіліске қайтарды.

Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің қорытындысына сәйкес, "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заң жобасының мақсаты құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты орнықтыру болып табылады. Бұл жоба адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын, заңды мүделлерін құқыққа қарсы әрекеттерден қорғауды қамтамасыз етуге, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге және оның алдын алу жүйесін жетілдіруге, оған қоса ықпал етуші себептер мен жағдайларды айқындауға, зерделеуге және жоюға бағытталған. Жобада құқық бұзушылықтың алдын алатын субъектілердің іс-қимылын үйлестіру, бостандықтан айыру орындарында жазасын өтегендерді әлеуметтік бейімдеу шаралары, сондай-ақ республика азаматтары мен ұйымдарының алдын алу жұмыстарына қатысуы және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру қарастырылған.

Заң жобасын талқылау барысында комитет мүшелері оның мәтініне мазмұны мен заң техникасын жетілдіруге қатысты жиырмаға жуық өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ, отырыста қаралған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына да өзгерістер енгізу қажеттігі туралы айтылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны