21.01.2009, 15:50 2901

Парламентте тауар биржалары мәселелері жөніндегі заңнамаға қатысты келісім комиссиясы құрылады

Парламентте тауар биржалары мәселелері жөніндегі заңнамаға қатысты келісім комиссиясы құрылады

Астана. 21 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Парламентте тауар биржалары мәселелері жөніндегі заңнамаға қатысты келісім комиссиясы құрылады. Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, сенат "Тауар биржалары туралы" заң жобасы мен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауар биржалары мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" заң жобасына өз түзетулерін енгізіп, мәжіліске қайтарған болатын.

Негізгі заң жобасымен бірге ұсынылған бұл заң жобасына сәйкес "Тауар биржалары туралы" заң жобасының нормаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу көзделіп отыр. Өйткені "Икімшілік құқық бұзушылық туралы" еліміздің қолданыстағы Кодексі "Тауар биржалары туралы" заңды бұзушыларды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін бір де бір норманы қамтымайды.

Сонымен бірге заң жобасы "Лицензиялау туралы" заңға тауар биржаларының қызметі мен брокерлердің және дилердің қызметі сияқты лицензияланатын қызмет түрлерін енгізуді көздейтін толықтырулар енгізуді ұйғарады. Сондай-ақ заң жобасы арқылы "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға да түзетулер енгізілмек. Атап айтқанда, ол заңға Үкіметтің биржалық тауарлардың тізбесін және ұйымдардың мемлекеттік сатып алуы шеңберінде, тек ашық тауар биржалары арқылы ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшерін және белгіленген тәртіппен ашық тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға міндетті ұйымдардың тізбесін бекітуге арналған құзыретін айқындайтын нақтылау сипатындағы өзгерістер енгізетін болады.

Сонымен қатар "Жеке кәсіпкерлік туралы" заңға тауар биржалары туралы заңнамалардың сақталуына мемлекеттік бақылауды енгізу көзделеді.

Атаған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, депутат Сатыбалды Ибрагимов жетекшілік жасады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжіліс "Тауар биржалары туралы" заң жобасын 5 қарашада мақұлдады.

Заң жобасының мақсаты жөнінде депутаттарға ҚР Индустрия және сауда министрінің орынбасары Еділ Мамытбеков баяндап берді.

Мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің қорытындысына сәйкес, "Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының 1991 жылғы 13 маусымдағы заңымен (күшін жойған) алғаш рет биржа саудасының ұйымдық және құқықтық негіздері мен нарықтық инфрақұрылымның маңызды буыны - тауар биржаларын ұйымдастыру айқындалды. Осы заңмен биржа алдын ала белгіленген биржалық ережелер бойынша белгілі бір жерде ашық сауда-саттық түрінде өз қызметін жүзеге асыратын ұйым ретінде белгіленген".

Кейінірек "Тауар биржалары туралы" Қазақстан президентінің 1994 жылғы 20 наурыздағы жарлығымен (күшін жойған) тауар биржасы белгілі бір жерде және белгілі бір уақытта ол белгілеген биржа саудасының ережесі бойынша ашық жария сауда-саттықтарды тұрақты өткізу жолымен биржа тауарларымен көтерме сауда бойынша ұйымдастырушылық және реттеу қызметін жүзеге асыратын меншіктің кез келген нысандарына негізделген заңды тұлға құқығымен дербес ұйым болып табылатыны белгіленген.

Аталған заңға қарағанда осы жарлықпен тауар биржаларының қызметін мемлекеттік реттеу мен бақылауды тауар биржалары жөніндегі мемлекеттік орган жүзеге асыратыны белгіленген. Оның функцияларына биржалық лицензияларды беру, мемлекеттік тізілімді жүргізу, биржалар туралы заңнаманың сақталуын бақылау, биржалар қызметін зерделеу және биржа саудасын дамыту, биржалық құжаттарды дайындау жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеу міндеттері жатады.

1995 жылғы сәуірде "Тауарлық биржалар туралы" Қазақстан президентінің заң күші бар жарлығы қабылданды. Ол тауар биржасының бұрынғы анықтамасын сақтады. Тауар биржаларының қызметін реттеуді тауар биржалары жөніндегі мемлекеттік органға бұрын бекітілген функциялар берілген тауар биржалары жөніндегі республикалық комиссия жүзеге асыратыны қайтадан айқындалды.

Жаңа редакцияда заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының қазіргі талаптарына және қолданыстағы заңнамасына сәйкес тауар биржаларының қызметін реттейтін заңнаманы сәйкес келтіру болып табылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны