22.07.2026, 11:09 28486

Павлодар облысында дауылды жел үйлер мен электр желілеріне зақым келтірді

Павлодар облысында дауылды жел үйлер мен электр желілеріне зақым келтірді
Павлодар облысының Успен ауданындағы Қонырөзек ауылында жаңбырмен бірге соққан қатты жел тұрғын үйлер мен электр беру желілеріне зақым келтірді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қолайсыз ауа райы басталар алдында олар "Торнадоға" ұқсас құйынның соққанын байқаған, деп жазады Павлодар-онлайн.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, екпінді жел үйлердің шатырларын жұлып, ағаштарды құлатып, электр және телефон сымдарын үзген. Бірнеше тұрғын үйге айтарлықтай зақым келген. Табиғат апатынан кейін ауылдың бір бөлігі электр жарығынсыз қалды.

Қонырөзек ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, табиғат құбылысы елді мекеннің тек бір бөлігін қамтыған. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі бағалануда, оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен аудан басшылығы жұмыс істеп жатыр. Электрмен жабдықтауды мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру шаралары қабылдануда.

Әкімдіктің хабарлауынша, ауыр зардап шеккендер жоқ. Тұрғын үйлерден бөлек, жергілікті мәдениет үйінің шатыры шамамен 30%-ға зақымданған.

Айта кетейік, бұл Павлодар облысында 19 шілдеде секундына 20 метрге дейін жеткен дауылды жел мен бұршақ салдарынан өңірде екі көпқабатты және 47 жеке тұрғын үйдің шатырлары, әлеуметтік нысандар зақымданып, 11 елді мекен жарықсыз қалған болатын. Табиғат апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта бірқатар елді мекенде қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, ең көп зардап шеккен Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кенті мен Екібастұз қаласының Құдайкөл ауылында тіркелген. Мұнда екі көпқабатты және 47 жеке тұрғын үйдің шатырлары, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың қасбеттері мен терезелері бүлінген. Көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде бөлмеаралық қалқалар құлаған. Сонымен қатар, қолайсыз ауа райы салдарынан ЕЭК-тің 220 кВ кернеулі Қалқаман - Құдайкөл электр желісіндегі сегіз тірек зақымданған.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны