13.08.2026, 11:13 26121

Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабының» алғашқы нысаны 2027 жылғы маусымда іске қосылады

«Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жасанды интеллект пен бұлтты сервистерді дамытудың инфрақұрылымдық негізіне айналуға тиіс
Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабының» алғашқы нысаны 2027 жылғы маусымда іске қосылады
Павлодар облысында қуаты 50 МВт болатын «Деректерді өңдеу орталықтары алқабының» (Data Center Valley) алғашқы нысанын 2027 жылғы маусымда іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның жүзеге асырылу барысы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметтегі кеңесте талқыланды.

Қазір құрылыс жұмыстары белсенді кезеңде. Энергетикалық орталықтар мен AI-фабрикалар ғимараттарына арналған қазаншұңқырларды қазу жұмыстары 90%-ға орындалып, іргетас қалау басталды.

2026 жылғы желтоқсанның соңына дейін деректер орталығы мен энергия блоктарының негізгі корпустарын, әкімшілік-тұрмыстық кешенді, бақылау-өткізу пункттерін және сыртқы инженерлік желілердің бір бөлігін салу жоспарланған. Іске қосу-баптау жұмыстары 2027 жылғы мамырда аяқталуға тиіс.

Жобаны электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қуаты 215 МВт қосалқы станция сатып алынды. Сондай-ақ сумен жабдықтау желілерінің жобасы әзірленіп, телекоммуникациялық инфрақұрылым жобаланып жатыр. Болашақта Data Center Valley жалпы қуатын кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр.

Үкімет

Firebird AI және NVIDIA компанияларымен бірлесіп, Data Center Valley базасында жасанды интеллектіні, бұлтты технологиялар мен цифрлық сервистерді дамытуға арналған экожүйе құрылып жатыр. Сонымен қатар қосымша IT-қуаттар құру, инвесторлар мен негізгі клиенттерді тарту, жоғары өнімді есептеу кластерлерін орналастыру және бұлтты сервистерді дамыту мәселелері бойынша шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.

«Біздің бірінші кезектегі міндетіміз — алғашқы нысанның құрылысын 2027 жылғы маусымда аяқтау. Сонымен қатар клиенттер тарапынан расталған сұранысты ескере отырып, кампустың қуатын дәйекті түрде арттыруға мүмкіндік беретін инженерлік негіз құрып жатырмыз», — деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Кеңесте Cloud First Policy (Data Embassy) жобасын дайындау мәселесі де қаралды. Ол шет мемлекеттердің деректерін толық құқықтық егемендігін сақтай отырып, Қазақстан аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастырады.

Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жасанды интеллект пен бұлтты сервистерді дамытудың инфрақұрылымдық негізіне айналып, Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік AI-хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға тиіс екенін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр құрылыс жұмыстарын уақтылы орындауды қамтамасыз етуді және жаңа серіктестер тарту үшін шетелдік технологиялық компаниялармен өзара іс-қимылды кеңейтуді тапсырды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны