12.02.2007, 15:28 2732

Полиция Алматыда жер телімін сатып алмақ болған Израиль азаматының өліміне қатысты қылмыстық істі әшкереледі

АСТАНА. 12-ақпан. Kazakhstan Today. Полиция Алматының элиталы ауданынан жер телімін сатып алмақ болған Израиль азаматы мен тағы да екі адамның өліміне қатысты қылмыстық істі әшкереледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі ҚР ІІМ қылмыстық полициясы комитетіне сілтеме жасап.

"Шұғыл іздестіру және тергеу шараларының барысында осынау қылмыстарды ұйымдастыруға және оны жүзеге асыруға қатысы бар күдіктілер анықталып ұсталды", деп хабарлайды комитеттегілер.

Полицияның жорамалына сәйкес, ұсталғандар - Израиль азаматы - "Альвин Групп" ЖШС-нің құрылтайшысы Юрий Тарнопольский, оның жүргізушісі Фархат Галибабаев пен олардың танысы Александр Славковтың өліміне қатысы бар күдіктілер болып табылады.

ІІМ-нің түсініктемесіне сәйкес, Тарнопольскийді өлтірмес бұрын қылмыскерлер Алматының элиталы ауданында жер телімін сатамыз деген сылтаумен оның 1 млн 774 мың долларын иемденіп алған. Тергеу жорамалына сәйкес, А.Славковты "қылмыскерлер аталған ақшаны "Альвин Групп" ЖШС-нің кеңсесінен алу және оны келісілген жерде табыс ету үшін пайдаланған".

"Аса ірі көлемдегі ақшаны иемденіп алу үшін қылмыскерлер жәбірленушімен (Тарнопольский) бірге жер телімін сатуға қатысты бірегей әрі ұзақққа созылған операцияны ойлап тапқан. Ол асқан қатігездікпен жасалған ауыр қылмыспен аяқталды",- делінген полицияның хабарламасында.

"Бір күдіктіден Жамбыл облысының Отырар қаласында орналасқан әскери бөлімнен ұрланған Макаров тапаншасы тәркіленді",- деп хабарлайды полиция. Сонымен бірге күдіктілердің тұрғылықты жерлеріндегі тінту нәтижесінде 100 мың доллар мен Алматыдағы бір банкте жәшікті жалға алу туралы түбіртек тәркіленген. "Артынан осы жәшіктен 1 млн 180 мың доллар табылып тәркіленді",- деп хабарлайды мекеме.

Еске сала кетейік, 23-қаңтарда Алматының Бутаковка шатқалында өртеніп кеткен "Тойота Ленд Крузер" автокөлігінен екі адамның күйіп қалған мәйіті табылған. Тану барысында олардың бірі Израиль азаматы - "Альвин Групп" ЖШС-нің құрылтайшысы Юрий Тарнопольский, екіншісі - оның жүргізушісі Фархат Галибабаев екені белгілі болды. Ертеңінде Алматы облысының Қарасай ауданында басынан оқ тиіп өлген Александр Славковтың мәйіті табылды.

Бұл өлімдерге қатысты істі полиция өзара біріктірді. Қазір ұсталғандардың кінәсін дәлелдеу бағытындағы сот-криминалдық сараптама жұмыстарының кешені жүзеге асырылуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны