16.10.2006, 17:39 3055

Полиция еліміздегі екі ірі кәсіпорыннан металл ұрлау деректерін одан әрі тексеруде

АСТАНА. 16- қазан. Kazakhstan Today. Полиция еліміздегі екі ірі кәсіпорыннан металл ұрлау деректерін одан әрі тексеруде, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мәселен, Ішкі істер министрлігінің қылмыстық полиция қызметкерлері "Миттал Стил Теміртау" компаниясынан металл өнімдерін ұрлаумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топқа 16 адамның қатысы барын анықтап, бүгінге дейін 3 адамды тұтқындаған. Бұл туралы ҚР ІІМ қылмыстық полиция комитетінің төрағасы Сергей Глущенко баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бұл жерде көлеңкелі бизнес, сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан шенеуніктер мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың бірігіп кету оқиғасын байқаймыз",- деді С.Глущенко.

Жақсы ұйымдасқан бұл топтың құрамында комбинаттың жұмысшылары, күзетшілер мен ұрланған өнімді сатып алып, әрі қарай сатумен айналысқан бірнеше фирма бар. Оларға ішкі істер органдарының қызметкерлері қалқан болған.

Ұйымдасқан топ негізінен комбинатта артық өндірілген өнімді ұрлаумен айналысқан. Өнім тиелген көліктер комбинат аумағынан шығар кезде күзетшілер бейнебақылау камераларын уақытша үзе тұрып, қайта қосып отырған. Ал ұрланған металл өнімдері жоғары сапалы болса да, олар кәдімгі қатардағы металл ретінде рәсімделіп, бірнеше фирма арқылы Қытай мен Өзбекстанға жөнелтілетін болған.

Сергей Глущенконың айтуынша , олардың бір түнде жымқырған өнімінің жалпы құны 11 миллион теңгеге дейін жеткен. Сондықтан, тексеру барысында бұл сома әлдеқайда көп болып шығуы мүмкін.

Дәл осындай қылмыстық топ "Қазақмыс" корпорациясында да әшкереленіп отыр. Мұнда мырыш концентратын ұрлаумен айналысқан топ жалпы сомасы 5 миллион АҚШ долларының зиянын келтірген. Полицейлер бұл сома да 18 миллион АҚШ долларынан асып түсуі мүмкіндігін айтады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны