12.07.2011, 13:51 3925

Полиция қызметкерлерін өлтірді деген күдікпен тағы екі адам қамауға алынды

"Бүгін таңертең қалған екеуі басқа жерде қамауға алынды. Қылмыстық топ 11 адамнан тұрған", - деді М. Демеуов.

Астана. 12 шілде. Kazakhstan Today - Ақтөбе облысында полиция қызметкерлерін өлтірді деген күдікпен тағы екі адам қамауға алынды, деп мәлімдеді ішкі істер вице-министрі Марат Демеуов Астанада өткен брифингте, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Бүгін таңертең қалған екеуі басқа жерде қамауға алынды. Қылмыстық топ 11 адамнан тұрған", - деді М. Демеуов.

Оның айтуынша, "бұл оқиғалар бойынша 96 бап 2 тармаққа сәйкес бірқатар қылмыстық істер қозғалған. "Бұл бап 15 жылға дейін, жекелеген жағдайларда өмір бойы бас бостандығынан айыруды қарастырады. Қазіргі уақытта прокуратурамен бірлесе отырыптергеу жүргізілуде", - деп толықтырды вице-министр..

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 9 шілде күні сағат 12-де Ақтөбе облысының Шұбаршы кентіндегі полиция қызметкерлерін өлтірді деген күдіктілерді құрықтау бойынша арнайы операция аяқталған болатын, деп хабарлады Ақтөбеде өткен брифингте Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз хатшысы Алмат Иманғалиев.

Естеріңізге сала кетсек, 8 шілде күні кешқұрым арнайы операция барысында полиция қызметкерлерін өлтіруге күдікті 9 адам өлтірілген болатын. Атыс барысында арнайы бөлімшенің қызметкері полиция майоры Айболат Иманбаев алған жарақаттарынан оқиға орынында жан тапсырса, полиция сержанты Тұрарбек Есмағамбетов оқ жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

А. Иманғалиев айтып өткендей, өлтірілген 9 қылмыскердің алтауына бұрын іздеу жарияланған. Оның айтуынша, оларды бүкіл республикадан іздеп жүрсе олар осы уақытқа дейін Шұбаршы ауылынан үш шақырым жердегі Кеңқияқ ауылында болған. Олардың екеуі қылмыстық топ мүшелері болған.

"Ақтөбе облысының Темір ауданының аумағында біршама уақыт ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен. Олар діни нанымдарды жамыла отырып, Шұбаршы және Кеңқияқ ауылдарының маңындағы мұнай құбырларынан мұнай ұрлаумен айналысып, сондай-ақ, басқа да қылмыстар жасаған", - деп хабарлады А. Иманғалиев.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылда сол күні нағыз әскери іс-қимылдар орын алған. Атыс Кеңқияқтың шетіндегі Байауыл маңында басталған. Полиция қызметкерлері көшелерді жауып, адамдарды үйлерінен шығармаған. Түні бойы жалғасқан атыс тек таңғы сағат тоғыздар шамасында тынышталды".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны