14.09.2006, 10:32 2740

Премьер -министр шағын және орта бизнес саласында әкімшілік кедергілерді төмендету жұмыстарын жалғастыру қажет деп есептейді

АСТАНА. 14 қыркүйек. Kazakhstan Today. Премьер-Министр Даниал Ахметовтың төрағалығымен өткен кеңесте Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі қаралды. Бұл жөнінде Kazakhstan Today агенттігі үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кеңесте әкімшілік кедергі мен төрешілдікті төмендету жөніндегі хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп тыңдалды.

Арнайы құрылған жұмысшы тобының құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың басшыларымен бірге, шағын және орта бизнес өкілдері мен парламент депутаттары кірген.

Даниал Ахметов елімізде мемлекеттік органдар шығарған 400-ден астам заңға бағынышты актілер бар екенін атап өтті. Олар Салық кодексінің ережелеріне түсінік береді. Премьер-министр мұндай құжаттардың санын қысқарту керектігін айтты. "Олардың көптігі заңды әртүрлі түсінуге итермелейді",- деді ол.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта "Лицензия мәселесі жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы", "Лицензия туралы" заң жобалары дайындалуда. Соған сәйкес, лицензияланатын 90 қызмет түрінің , 241 қызмет түршесінің , 21 түрін және 78 түршесін қысқарту жоспарланған. Жиынға қатысушылардың айтуынша, салық және кедендік әкімшілікті ықшамдау жөніндегі жұмыстар аясында есеп беру формасының саны әлдеқайда кеміген. Премьер-министр жұмыс тобының атқарған ісін оң бағалады.

Оның айтуынша, бизнес саласы өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, әкімшілік кедергіні төмендетуге қатысты бірлескен жұмыстарды жалғастыру қажет.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны