22.01.2007, 17:20 2794

Премьер-министр әділет министрлігінің басшысына заң жобаларының сапасына қатысты жауапкершілікті ескертті

АСТАНА. 22-қаңтар. Kazakhstan Today. Премьер-министр Кәрім Мәсімов әділет министрі Зағипа Балиеваға заң жобаларының сапасына қатысты жауапкершілікті ескертті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Парламент депутаттары да, парламент аппаратының басшысы да заң жобаларының сапасына қатысты көп сын айтады. Бұл сіздің жеке жауапкершілігіңіздегі мәселе",- деді үкімет басшысы әділет министрлігінің алқа мәжілісінде З. Балиеваға қаратып айтқан сөзінде. "Біздің заңды тез қабылдап, оны парламентке тез енгіз деген тапсырмамыз "оны сапасыз жаса" дегенді меңземейді",- деді К. Мәсімов.

Сонымен қатар, үкімет басшысы мемлекеттік органдардың халыққа көрсетіп отырған қызмет сапасына да тоқтала кетті. "Біздің азаматтарға бұл қаржы министрлігінің, әділет министрлігінің, ІІМ-нің қызметі ме, бәрібір. Оларға қай мекеменің қызметі екені маңызды емес, оларға тек қызмет көрсетілуге тиіс. Және ол осы көрсетілген қызметтің сапасына қарап жалпы үкіметтің жұмысына баға береді",- деді ол.

Премьер-министр халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыстарына ерекше назар аударды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру еліміздің президентінің алға қойған міндеті екенін еске сала отырып, К. Мәсімов бұқаралық ақпарат құралдарында орталықтардың жұмыс сапасына қатысты көптеген сыни ескертулердің айтылып жүргендігін атап өтті. "Бұл сіздің жеке жауапкершілігіңізде. Егер, халыққа қызмет көрсету орталықтарында біреуге жаман қызмет көрсетілсе - бұл тікелей министрдің жауапкершілігі",- деді премьер-министр әділет министрлігінің басшысына қаратып айтқан сөзінде.

Үкімет басшысы нотариат және адвокатура институттарының жұмыстарын жетілдіру қажеттілігіне де тоқталады.

"Иділет органдарының жүйесі нығайтылған. Үкімет сіздердің барлық күш-жігерлеріңізді заңгерлік қызметтің негізгі бағыттарына бағыттау үшін барлық ұйымдастыру, қаржыландыру және де материалдық жағдайларынызды жасады",- деді К. Мәсімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны