26.03.2013, 11:17 3751

Премьер-министр білім беру саласындағы жаңалықтарды қоғамдық бағалау қажеттігін атап өтті

ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың хабарлауынша, Бағдарлама жүзеге асырылып жатқан екі жыл ішінде осы уақытқа дейін барлық мақсатты индикаторларға қол жеткізілді, оның бірқатары артығымен орындалды. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жұмыстары межедегіден ілгері келеді. 2010 жылдан бері мектепке дейінгі мекемелер саны екі есеге жуық артып, 8590-ға жетті.

Астана. 26-наурыз. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында ҚР білім беру саласын дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың хабарлауынша, Бағдарлама жүзеге асырылып жатқан екі жыл ішінде осы уақытқа дейін барлық мақсатты индикаторларға қол жеткізілді, оның бірқатары артығымен орындалды. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жұмыстары межедегіден ілгері келеді. 2010 жылдан бері мектепке дейінгі мекемелер саны екі есеге жуық артып, 8590-ға жетті.

"Орта білім беру бойынша біз 12 жылдық оқытуға күш салып, жаңа әдісті 104 мектепте қолданып көрдік. Ал, 2015 жылдан бастап 12 жылдық білім беруге толық кірісеміз",-деді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғарғы оқу орындарын оңтайландыру жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге ірілендіру жолымен жоғарғы оқу орындарының саны 149-дан 136-ға қысқарды. Б.Жұмағұлов алдағы екі жылда еліміздегі жоғарғы оқу орындарының жалпы санын 100-ге дейін азайту жоспарланып отырғанын айтты.

Өз кезегінде, Үкімет басшысы Мемлекеттік бағдарламаның жаңа жүйесі мен оның тиімділігіне тұрақты түрде қоғамдық баға берудің маңыздылығына тоқталды. "Бұның әсіресе 2015 жылдан бастап Ұлттық тестілеуге көшуге, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізуге қатысы бар",-деді С.Ахметов.

Сондай-ақ С.Ахметов білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуын әкімдер жұмысын бағалаудың өлшеміне енгізуді, Мемлекеттік білім берудің жинақтау жүйесіне жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қатыстыру тетігін пысықтауды тапсырды.

"Жоғарғы оқу орындарын бағалау кезіндегі негізгі өлшем- түлектерді жұмыспен қамту болуы керек деп есептеймін. Бұл - білім және ғылым министрлігінің тұрақты бақылауында болуы тиіс маңызды мәселе",- деп атап көрсетті Премьер-Министр.

"Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңының жобасымен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-ҚР өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев таныстырды.

Заң жобасы ауылдар, кенттер, аудандық деңгейдегі қалалар тұрғындарының жергілікті қауымдастық жиналыстары арқылы жергілікті маңыздағы мәселелерді шешудегі рөлін арттыру, тұрғындарды ең өзекті проблемаларды шешу процесіне белсенді түрде қатыстыруды; аудандық маңыздағы қалалар, ауылдық және кенттік округтер әкімдерін тағайындау немесе сайлау барысында мәслихаттардың рөлін көтеруді; жергілікті мәселелерді шешу барысында басқарудың төменгі деңгейіндегі әкімдердің қаржылық және экономикалық дербестігін кеңейтуді көздейді.

ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Ибілқасымова "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктерді бөлу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасымен таныстырды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының "Қазақстан-2050" Стратегиясы- қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленіп және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктерді одан әрі бөлу және жергілікті атқару органдарын нығайтуға бағытталған.

Ұсынылған заң жобалары ҚР Үкіметінің қаулысымен мақұлданды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны