05.09.2007, 14:07 2662

Премьер-министр Қашаған бойынша бейсенбіде ресми мәлімдеме жасайды (толықтырылған нұсқа)

Премьер-министр Кәрім Мәсімов Қашаған бойынша 6-қыркүйек, бейсенбіде үкіметтің атынан ресми мәлімдеме жасайды.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 5 қыркүйек. АСТАНА. Премьер-министр Кәрім Мәсімов Қашаған бойынша 6-қыркүйек, бейсенбіде үкіметтің атынан ресми мәлімдеме жасайды.

"Ертең мен KazEnergy компаниясында сөз сөйлеймін және соның аясында Қашаған бойынша үкіметтің атынан ресми мәлімдеме жасайтын боламын", - деді К. Мәсімов журналистерге берген сұхбатында.

"Сіздер Қашаған мәселесі бойынша үкімет басшысы ертең мәлімдеме жасайды деп бүгін жария ете аласыздар. Сол себепті бүгін мен бұл мәселе бойынша ештеңе айта алмаймын", - деді ол журналистер сауалына берген жауабында.

Осы орайда еске сала кетсек, Қазақстан үкіметі Қашаған жобасы бойынша оператор болып табылатын Италияның ENI компаниясының жұмысына көңілі толмайтынын білдірген. Оған оператордың кенішті игеру үшін ұсынған шығындарының сметасы себеп болған. Оған сәйкес шығындар көлемі 57 млрд доллардан 136 млрд долларға дейін өспек. Сонымен бірге өнеркәсіптік мұнай өндіру мерзімі 2008 жылдан 2010 жылға дейін шегерілмекші. Қазақстан жағы ENI компаниясын оператор деген мәртебеден айыра алатынын мәлімдеді.

Бұдан кейін Қазақстанның табиғат қорғау мекемесі Қашаған кеніші бойынша табиғатты пайдалануға берілген рұқсатты тоқтатты. Ресми жорамалға сәйкес, мұндай шешім Agip KCO консорциумы тарапынан республиканың табиғат қорғау заңнамасын бұзуына байланысты қабылданды.

Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқан Қашаған мұнай кеніші 2000 жылғы жазда "Восток-1" ұңғысымен ашылған. Бұл дүниежүзінде соңғы 30 жылда ашылған ең ірі кеніштердің бірі, геологиялық мұнай қоры 4,8 млрд тоннаны құрайды.

Солтүстік Каспий жобасын Agip КСО консорциумы жүзеге асырады, оның құрамына ENI (жобаның біртұтас операторы), Total, ExxonMobil, Royal Dutch Shell компаниялары енеді, олардың үлесі тиісінше 18,52% , ConocoPhillips - 9,26%, Inpex және "ҚазМұнайГаз" үлесі тиісінше - 8,33%-тен.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны