16.07.2013, 16:09 4504

Премьер-Министр С.Ахметов "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қатысты қатаң бақылау жүргізуді тапсырды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Қарағанды облысына жұмыс сапары шеңберінде "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-да болды.

Астана. 16-шілде. Kazakhstan Today - Премьер-Министр С.Ахметов "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қатысты қатаң бақылау жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Қарағанды облысына жұмыс сапары шеңберінде "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-да болды.

Үкімет басшысы № 5 кокстық батареяның түтін трубасын қалпына келтіру жұмыстарының және №1 газдан тазарту конверторы жүйелері құрылысының барысымен танысты. "Арселор Миттал Теміртау" АҚ атқарушы директорының жөндеу жұмыстары бойынша орынбасары В.Басин жұмыстың жоспарланған кесте бойынша жүріп жатқанын, өндірісте іркіліс жоқтығын хабарлады. Кестеге сәйкес тамыздың басында қайта құру жұмыстары аяқталып, бесінші және жетінші кокстық батареялар қалыпты жұмыс тәртібіне көшетін болады.

"АМТ" АҚ жұмысы мен Теміртаудың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес барысында С.Ахметов тұтастай алғанда қала тіршілігінің "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ның тиімді және тұрақты жұмыс істеуіне тәуелді екенін атап өтті.

"Соңғы уақытта комбинатта өндірістік көрсеткіштердің кемігені байқалуда. Оған домна пештерінің ырғақты жұмыс істемеуі мен жабдықтардың жоғарғы апаттылығы негізгі себеп болып отыр", - деді С.Ахметов.

Сондай-ақ, проблемалар қатарында жаңғырту жоспарының, нақты міндеттердің, табиғатты қорғау шараларының толық орындалмауы, дайын өнімдерді сату саясатының барынша жетілдірілмеуі, еңбек қатынастарының мүмкіндігінше жақсартылмауы мәселелері аталды.

Кеңес барысында Премьер-Министр кәсіпорынға технологиялық аудит жүргізуге, кемшіліктерді жою мен өндірістік процестердің тиімділігін арттыру бойынша нұсқаулар әзірлеуге өкім етті.

Еңбек қатынастары мәселесіне көңіл бөлген С.Ахметов бүгінгі күнге нақты еңбек құрамының белгіленген нормативтен төмен екенін атап көрсетті.

"Бұл нормативтерді кәсіпорынның өзі дайындап, ол кәсіподақпен келісіліп, ИЖТМ оны бекіткен болатын. Енді нормативті төмендетуге ешкімге ерік берілмейді. Бұл жерде жауапкершілік мәселесі тұр, осы ережені ұстану қажет", - деді бұл мәселеге байланысты Премьер-Министр.

Сондай-ақ, С.Ахметов өндіріс жарақаттылығын азайту, сақтандыру төлемдері бойынша шешім қабылдау, табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру бойынша саясатты қайта қарау қажет деп есептейді. Компанияның өз жұмыскерлері алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне назар аудартқан, Үкімет басшысы компания басшылығының жұмыскерлерінің әлеуметтік қамсыздандырылуына қамқорлық жасауы тиіс екенін атап көрсетті.

Бұдан басқа, С.Ахметов ИЖТМ-ға Өндірісті жаңғырту мен әртараптандыру тұжырымдамасын ішкі нарық сұранысын есепке ала отырып қайта қарауды тапсырды. Кешенді шаралар қабылдаудың қажеттілігін айтқан Үкімет басшысы компания жағымен қатар мемлекет тарапынан да кешенді шаралар қабылдану қажеттігіне тоқталды. Ол жауапты тұлғаларға кәсіпорынның ырғақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша тұрақты әрі қатаң бақылауды жүзеге асыруды тапсырды.

"Компанияның жұмысы Мемлекет басшысының айрықша назарында", - деді С.Ахметов.

Кеңестің екінші маңызды тақырыбы Теміртаудың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселесі болды. Бұл орайда Қарағанды облысының әкімі Б.Ибдішев баяндама жасады.

С.Ахметовтің айтуынша, көптеген проблемалық мәселелерді шешуге даму бағдарламаларына енгізілген, мемлекеттік қолдау шараларын барынша пайдалану ықпал ететін болады. Үкімет басшысы сондай-ақ компания басшылығының және қала әкімдігінің алдына жылу беру науқанына дайындықты уақытында қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны