11.09.2026, 10:29 25895 / 4855

Президент Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты туралы ережелерді бекітті

Президент Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты туралы ережелерді бекітті
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Жарлыққа қол қойды. Тиісті құжат кеңес пен оның Аппараты туралы ережелерді бекітіп, төраға орынбасарының өкілеттіктерін айқындады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратына жаһандық сын-қатерлерге, ішкі ахуалдың өзекті аспектілеріне жан-жақты талдау жүргізу міндеті жүктелді.

Төраға орынбасарының құзырына Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының актілері мен тапсырмаларының, Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің, соның ішінде шұғыл отырыстарында қабылданған шешімдердің мүлтіксіз әрі толық орындалуын бақылау, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін арттыру, заң мен тәртіпті сақтау салаларындағы іс-шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру кіреді.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысады.

 

Бұдан бөлек, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары жоғарыда аталған шараларды іске асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіріп, халықаралық байланыс орнатады, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қызметін ұйымдастырады.

Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты өз алдына дербес мемлекеттік орган ретінде Президентке тікелей бағынады және есеп береді.

Аппарат қызметі ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылау ісін жетілдіру және күшейту, мемлекетті басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы мен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі қызметіне институционалдық тұрғыдан қолдау көрсету және олардың шешімдерін орындау шараларымен айналысады.

Бұл міндеттер Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделері мен конституциялық жүйенің негіздерін сақтауды көздейді.

Бұған дейін Аида Балаеваның Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалғаны хабарланған болатын.

Ал, Мұрат Баймұқашев Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшысы болып тағайындалған.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны