28.02.2007, 14:42 6801

Президент Қазақстанның қолайлы шарттармен ДСҰ-ға кіруін қамтамасыз ету - басты міндеттердің бірі деп санайды (толықтырылған нұсқа)

АСТАНА. 28-ақпан. Kazakhstan Today. Президент Қазақстанның қолайлы шарттармен ДСҰ-ға кіруін қамтамасыз ету - басты міндеттердің бірі деп санайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазақстанның қолайлы шарттармен ДСҰ-ға кіруін қамтамасыз ету - біз ұмтылатын басты мақсаттардың бірі",- деді президент бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында ел халқына арнаған жолдауында.

"Осыған байланысты біз халықаралық техникалық стандарттарды тез арада әрі кең көлемде қолданысқа енгізуіміз қажет",- деді мемлекет басшысы. "Менің үкіметке беретін ең басты тапсырмам осы, бұл - оның тікелей міндеті әрі қоғам алдындағы жауапкершілігі", - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

"Қазақстанның ұлттық мүддесін ескеру үшін жылдың аяғына дейін заңнаманы Дүниежүзілік сауда ұйымының міндетті келісімдерінің нормаларымен сәйкестендіру қажет",- делінген жолдаудың екінші бөлімінде.

"Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуіне қатысты процесте үкімет мемлекет тарапынан ауалшаруашылығы саласына қажетті деңгейде ішкі қолдау көрсету мүмкіндігін табандылықпен қорғап, өнеркәсіп орындарын Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған жағдайда тиімді жұмыс істеуге дайындауға бағытталған тиісті бейімдеу шараларын жүзеге асыруға тиіс",- делінген құжатта

Президент "кеден әкімшілігін жетілдіру мен кеден қызметі мамандарына кәсіби шеберлік тұрғысында заман талаптарына сай келу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты, ықпалды және жүйелі шараларды ойластыру қажет", деп атап өтті.

"Біз экономиканың ашықтығын арттыру, аймақ елдері арасындағы кедендік кедергілерді азайту және өңірде сыртқы тарифтердің біртұтас деңгейін белгілеу саясатын жүргізуге тиіспіз",- делінген жолдауда. "Барлық заңды тұлғаларды қаржылық есеп берудің халықаралық стандарттарына көшіру процессін жеделдету қажет",- делінген мәтінде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны