07.05.2009, 13:21 3163

Президент Қазақстанның күш құрылымдары қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен әскери айрықша белгілерін тапсырды

Президент Қазақстанның күш құрылымдары қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен әскери айрықша белгілерін тапсырды

Астана. 7 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қазақстанның күш құрылымдары қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен әскери айрықша белгілерін тапсырды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Отан қорғаушылар күні қарсаңында президент әскери және қызметін үлгілі атқарғаны, ерлігі мен қажырлы іс-қимылы үшін әскери қызметшілерді, құқық қорғау органдары мен ұлттық қауіпсіздік жүйесінің қызметкерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Мемлекеттік наградалармен барлығы 32 адам, 11 адам - ІІ-ші дәрежелі "Айбын" орденімен (оның екеуіне қайтыс болғаннан кейін берілді), 2 адам - ІІІ-ші дәрежелі "Айбын" орденімен, 3 адам - "Құрмет" орденімен, 10-ы - "Ерлігі үшін", 6 адам - "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдарымен марапатталды.

Марапаттау рәсімін ашқан Елбасы бүгінгі жоғары наградалар өзін елімізге шексіз беріліп қызмет етуге арнаған адамдарға тапсырылып отырғанын атап өтті.

Салтанатты рәсімге қатысушылардың арасында Ирактағы бейбітшілікті қолдау жөніндегі халықаралық күштер операциясына қатысқандар бар. ІІ-ші дәрежелі "Айбын" ордендері майорлар Талғат Нұрәлінов пен Мадияр Уәлиевке тапсырылды. "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен Сергей Репка марапатталды. Бұл офицерлер бітімгершілік операциясы барысында өңірдегі нысандарды минадан тазарту жұмыстарына қатысып, әскери колонналар қозғалысы кезінде қорғаныс шараларын қамтамасыз еткен.

Сондай-ақ мемлекеттік наградаларға әскери еңбек пен жауынгерлік әзірлік барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізген еліміз Қарулы күштерінің офицерлері, кіші командалық құрамының өкілдері ие болды. ІІ-ші дәрежелі "Айбын" орденімен наградталған азаматтар арасында подполковник Еркін Алашбеков бар. Ол 2006-2007 жылғы қыста Астана-Қарағанды трассасының бойында әйелдер мен балаларды қоса алғанда, 500-ден астам адамды қарлы боран құрсауынан аман алып шыққан команданы басқарған.

"Жауынгерлік ерлігі үшін" медалі "Шығыс-2008" кең ауқымды оқу-жаттығуларының қатысушысы, "Макаров" тапаншасынан оқ ату бойынша 2007 жыл чемпионы сержант Лариса Котовойға табыс етілді.

Құқық қорғау органдарының үлкен бір тобына қылмысқа қарсы күресте табандылық пен жанқиярлық ерлік көрсетіп, төтенше жағдайларда адам өмірін сақтап қалғандары, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі өз міндеттерін мүлтіксіз орындағаны үшін ордендер мен мадальдар тапсырылды.

Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ІІ-ші дәрежелі "Айбын" ордендерімен қарулы қылмыскерлерді ұстау кезінде көз жұмған аға полиция лейтенанттары Еділ Иділжан мен Медет Досымханов марапатталды.

Аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау жөніндегі арнайы операцияға қатысқан Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері полиция лейтенанттары Ербол Бердешов, Үмбет Қайыров, Қайырбек Кенбаев, Руслан Күнғалиев және кіші лейтенант Андрей Смирнов "Ерлігі үшін" медальдарымен наградталды.

Мемлекеттік наградалар полиция майорлары Мұрат Қалиевке, Мейрам Сейдағалиевке және полиция капитаны Мақсұт Ералиевке табыс етілді. Аталған офицерлер жанармай багының жарылысы қаупіне қарамастан, отқа оранған автокөліктен жүргізушіні құтқарып алған.

Қанішер қылмыскерді тұтқындау кезінде жарақаттанған полиция лейтенанты Аманжол Оразалинов пен жанып жатқан үйден екі сәби баланы құтқарған учаскелік инспектор, полиция капитаны Бауыржан Үмбетов жоғары наградалармен аталды.

"Ерлігі үшін" медалімен аға полиция сержанты Дулат Жылқайдаров марапатталды, оның кәсіби қарымы қауіпті қылмыскерді анықтап, тұтқындауға көмектесті.

Н.Назарбаев елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға және Қазақстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосқан Қарулы күштердің командалық құрамына, Республикалық ұланның, президент күзет қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдеріне мемлекеттік наградалар тапсырды.

Осыдан кейін Елбасы ҰҚК, Бас прокуратура, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің өкілдеріне жоғары әскери айрықша белгілері мен арнаулы атақтар берді.

Мемлекет басшысы барлығын Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күні мейрамымен құттықтап, мықты денсаулық, отбасылық бақыт және жауапты қызметтерінде жаңа жетістіктер тіледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны