12.01.2007, 15:54 2868

Президент көші-қон процестерін реттеу жөніндегі заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулер туралы заңға қол қойды

АСТАНА. 12-қаңтар. Kazakhstan Today. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Көші-қон процестерін реттеу жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, соған сәйкес "Халықтың көші-қоны туралы" заң мен "Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасындағы құқықтық ахуалы туралы" президенттің заң күші бар жарлығына өзгерістер енгізіледі.

Аталмыш заңнамалық актілерге отандық еңбек рыногын қорғау мақсатында арнайы нормалар енгізіліп, шетелдіктерге жеке кәсіпкерлік саласында қызметкерлерінің 70 проценті Қазақстан азаматтарынан тұратын заңды тұлғаларды құру міндеттелмекші. Сонымен бірге шетелдіктерге Қазақстанда тұрақты тұру мүмкіндігін беруден бас тартылатын негіздемелердің тізімі ұлғайтылады.

Заңда сонымен бірге "Қазақстан Республикасында жеке басын куәландыратын құжатсыз немесе күшін жойған құжаттармен тұрып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға, сондай-ақ, осындай заң бұзушылықтарға жол берген Қазақстан азаматтарына жүктелетін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Заңда бұнымен қоса Қазақстаннан қудаланған шетел азаматтарына 5 жыл ішінде қайтадан елімізге оралуға тыйым салатын норма енгізілді. Қазақстан аумағына келген шетелдіктерге көші-қон карточкаларын алуды міндеттейтін норма да бар.

Сонымен бірге заң Қазақстанды тұрақты мекенденуге келген оралмандар мен бұрын Қазақстанда туған және бұрын осы елдің азаматы болған адамдар төлемдік қабілеттілігін дәлелдеу міндетінен босатады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны