23.01.2009, 16:44 2959

Президент мемлекеттік сапармен Үндістанға жүріп кетті

Президент мемлекеттік сапармен Үндістанға жүріп кетті

Астана. 23 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін мемлекеттік сапармен Үндістанға жүріп кетті, деп хабарлайды агенттік тілшісі ҚР СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Президенттің сапары 26 қаңтарға дейін созылады. Сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанның Республика күнінің мерейтойына ең басты құрметті қонақ ретінде қатысады.

Сапар барысында көмірсутектері, атом энергетикасы, ғарыш және басқа да салаларда бірқатар құжаттарға қол қойылады деп жоспарлануда.

Бұған қоса, Нью-Делиге қазақстандық кәсіпкерлердің үлкен делегациясы аттанды, олар бірлескен бизнес-форумға қатысады. Қазақстан - Үндістанның Орталық Азиядағы ірі сауда әріптесі. Үндістанның аймақтың елдерімен өзара сауда айналымының жартысынан астамы біздің елдің үлесіне тиеді.

Екі ел ынтымақтастығының келешегі бар бағыттары - фармацевтика, ақпараттық технологиялар, мұнай және газ, ауыл шаруашылығы, атом энергетикасы.

ҚР СІМ мәліметтері бойынша, 2007 жылы Қазақстан мен Үндістанның сауда айналымы 195,7 млн. долларды (Қазақстан экспорты - 48,1 млн. доллар, импорт - 147,6 млн. доллар) құрады. 2008 жылғы 11 айда екіжақты сауда айналымы 332,4 млн. долларға жетті (Қазақстан экспорты - 149,7 млн. доллар және Үндістаннан импорт - 182,7 млн. доллар).

Қазақстан Үндістанға тұз, күкірт, әк және цемент, тері шикізаты және қара металдар экспорттайды және кофе, шай, тәтті тағамдар, темекі, органикалық химиялық қосылыстар, фармацевтік өнімдер, пластмасса және одан жасалатын бұйымдар, каучук және резина бұйымдарын, электр машиналарын, механика жабдықтарын импорттайды.

Үндістанға салынған Қазақстан инвестициясының жалпы көлемі 63,3 млн. доллар, ал Қазақстан экономикасындағы Үндістан инвестициясы - 61,9 млн. доллар болып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны