12.01.2007, 15:57 3768

Президент ойын бизнесі туралы заңға қол қойды

АСТАНА. 12-қаңтар. Kazakhstan Today. Бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы" заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заңда ойын бизнесі дамитын аумақтар ретінде Щучинск-Бурабай және Қапшағай су қоймасының оң жақ жағалауы белгіленді.

"Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесі туралы" заңда ойын бизнесі нысандарының орналасатын жері, қызметті жүзеге асыруға қатысты жалпылама талаптар, лицензия алуға қажетті квалификациялық талаптар, құмар ойындарына арналған нысандарға бару тәртіптері секілді нақты шаралар белгіленген.

Заңға сәйкес, Қазақстанда букмекерлік конторалар мен тотализаторлардың жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. Ойынханалар мен ойын автоматтары залдары тек арнаулы аймақтарда ғана орналасады. Оларды республиканың басқа аймақтарында орналастыруға заң жобасымен тыйым салынады.

Заңның көмегімен сондай-ақ жабдықтардың санына да шектеу қойылмақ. Мәселен, ойынханада 20-дан кем емес үстел, ал ойын автоматтарына арналған залдарда 50-ден кеме емес автомат орнатылуға және олар жаппай сертификатталған болуға тиіс. Заң жобасы ережелеріне сәйкес, кассалар мен ойын орындары бейнежазба жүйелерімен жабдықталуға және ондағы ақпараттар 7-ден кем емес күн сақталуға тиіс.

Лицензия алу үшін ойын бизнесін ұйымдастырушының иелігінде жеке меншіктегі немесе басқа да қандайбір заңды негізде ғимараты, жеке меншіктегі ойын жабдықтары, клиенттер мен құмар ойындары орындарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзет қызметі болуға тиіс.

Сонымен бірге ойынхана немесе букмекерлік контораның қожайынының қолында қызмет түріне байланысты болып келетін ақшалай резерв қор болуға тиіс. Ойынханалар мен ойын автоматтарына арналған залдар үшін бұл қор 26 млн. теңге, ал букмекерлік конторалар үшін 10 млн. теңге, тотализаторлар үшін 5 млн. теңге көлемінде болуға тиіс.

Заңда көрсетілгендей, әрбір ойын мекемесі лицензия алуға тиіс, лицензия мерзімі 10 жылмен белгіленеді.

Сонымен бірге президент бүгін "Ойын бизнесіне қатысты мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға да қол қойды. Заңмен Салық және Бюджеттік кодекстерге өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, ойын бизнесіне арнаулы салық енгізілмек. Салық әрбір жабдық санына қарай төленеді. Бұған қоса мекеменің арнайы белгіленген минимумға үстеме тапқан кірісінен қосымша төлем алынады. Ол заңсыз жолмен тапқан кірісті "ақтап алуға" және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес мақсатымен енгізіліп отыр.

Заңмен құмар ойындарына қатысушыға рұқсат берілетін шектеу 21 жастан басталады.

Аталмыш заңдар 2007-жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны