19.06.2009, 10:33 2764

Президент Семейде радиологиялық медицина кластерін құру қажеттігін атап өтті

Президент Семейде радиологиялық медицина кластерін құру қажеттігін атап өтті

Астана. 19 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Президент Семейде радиологиялық медицина кластерін құру қажеттігін атап өтті. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында Семей сынақ алаңының жабылуына 20 жыл толуына арналған митингіде мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев мыңдаған қала тұрғындарының қатысуымен Семей ядролық полигонындағы сынақтар тоқтатылуының 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтетін "Өлімнен де күшті" монументі алаңына келді. 2009 жылы 19 қазанда Қазақстан тарихында соңғы рет ядролық сынақ жасалғанына тура жиырма жыл болады. Полигонда барлығы 456 ядролық сынақ жасалған. Оның жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомба күшінен 2,5 мың есеге асып түседі.

Өзінің сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Семей сынақ алаңын жабу оңайға түспегенін, оған халқымыздың қайсарлығы мен күш-жігерінің, ауызбірлігі мен жылдар бойғы табанды іс-қимылының нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өтті. Полигонды жабу егемендігіміздің арқасында жүзеге асты.

Полигонды бастан кешкен адамдар оның азапты қасіретін әлі тартып келеді. Радиациялық сәуле алған қазақстандықтардың саны бір миллион адамнан асады. Семей полигоны төңірегіндегі 300 мың шаршы шақырымнан астам жер экологиялық апат аймағына жатады. Залалданған қоршаған ортаны қалпына келтіру үшін жүздеген жылдар керек.

Мемлекет тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап өз азаматтарын олардың бастарына түскен проблемаларымен ешқашан да жеке қалдырмаған. Сынақтардың ықпалына ұшыраған халық пен аумақты әлеуметтік оңалту жөніндегі жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда, бұл мақсатқа шамамен 34 миллиард теңге жұмсалды.

Мемлекет басшысы еліміздегі онкологиялық аурулар мен радиациядан туындаған ауруларға диагноз қою және емдеу бойынша медициналық орталықтардың күшін біріктіру үшін Семейде радиологиялық медицина кластерін құру қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтардың атынан ядролық державаларды әлемдік қоғамдастық алдында өздерінің жауапкершілігін сезінуге және өздерінің арсеналдарын сандық және сапалық тұрғыдан қысқарту жөніндегі міндеттемелерін орындауға шақырды.

"Халықаралық қауіпсіздік проблемасы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға алдағы төрағалығының негізгі басымдықтарының бірі болады. Біздің мемлекеттің әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі ретінде өкілдік етуге абсолюттік тарихи және моральдық құқығы бар", - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Митингіге қатысушылар өздерінің сөйлеген сөздерінде тұтастай халықты қатаң сынақтан өткізуге соңғы нүкте қойған осы айтулы күннің тарихи маңызын атап өтті. Олар сондай-ақ Семей полигонын жабу және елдің ядролық қарудан бас тартуы жөніндегі тарихи шешімді қабылдауда тұңғыш президенттің айрықша ролін атап көрсетті.

Митинг қорытындысы бойынша оған қатысушылар әлемдік қоғамдастыққа үндеу қабылдады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны